Астана медицина университеті 500-ге жуық тар бейінді маманды даярлап шығарды

Астана медицина университеті 500-ге жуық тар бейінді маманды даярлап шығарды

Постдипломдық клиникалық білім беру деңгейіндегі білім алушылардың қатары жылма-жыл артып келеді. Айталық, былтыр 387 түлек резидентураны бітіргені туралы куәлік алса, биыл олардың саны 449 адамға жетіп отыр.

Аталған салтанатты рәсім шәкірттеріміздің туыстары мен жақындарының, сондай-ақ профессорлық-оқытушылар құрамының қатысуымен ауқымды түрде өткізілді. Мәртебелі қонақтардың арасында елордадағы медициналық ұйымдардың басшылары да болғанын айта кетейік.

Түлектердің атына жылы лебіздер айтылып, жауапкершілігі зор қызметте көпшілік оларға сәттілік тіледі.

Өз кезегінде жас дәрігерлер жақындары мен ұстаздарына білім беріп, қиын сәтте жан-жақты қолдау көрсеткендері үшін алғыстарын жеткізді.

Бұл ретте университетте резидентура бағыты белсенді дамып, бүгінде 38 білім беру бағдарламасы табысты іске асырылып жатқанын айта кеткен орынды.

Студенттердің саны ұлғайып қана қоймай оқу бағдарламаларының спектрі де артып жатыр. Мәселен, былтыр 2 жаңа бағдарлама әзірленіп, сәтті енгізілді: «Патологиялық анатомия» және «Ядролық медицина». 2024 жылы резидентура бойынша тағы бір тың бағдарлама – «Клиникалық зертханалық диагностика» жолға қойылды.

Резидентура түлектерінің еңбек жолы еліміздің барлық өңірінде басталады. Тәжірибе көрсеткендей, шәкірттеріміздің көпшілігі кейіннен өз біліктілігін ұштап, білімін тереңдетуге ұмтылатын болады. Олардың әрқайсысы отандық денсаулық сақтау жүйесін дамытуға лайықты үлес қосатынына сенімдіміз.

Осы жылы оқу орынды 1756 түлек тәмамдап, оның 168 алыс-жақын шет мемлекеттің азаматы. Мерейтой жылында көптен күткен дипломдарын Медицина, Стоматология мектебінің интерн-түлектері, Фармация, Қоғамдық денсаулық сақтау және менеджмент, Мейіргер ісі және педиатрия бакалаврлары қолға алды. Барлығы - 1142 адам.

60 жылдық тарихында Астана медицина университеті 30 мыңнан астам білікті маманды дайындап шығарған әрі медициналық білім берудің үздік дәстүрлері бар еліміздегі жетекші ғылыми-білім беру орталығы ретінде қалыптасқанын өткенін атап өткен жөн.

Жыл сайын Астана медицина университеті Қазақстан бойынша ең көп медицина мамандарын дайындап шығарады. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының рейтингінде университетіміздің білім беру бағдарламалары үздік орынды иеленіп келеді. Ал биылғы қазақстандық жоғары оқу орындарының ғылыми жарияланымдарының рейтингінде АстМУ 86 университеттің арасында үздік ондыққа енді. Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі Тәуелсіз агенттік (IQAA–Ranking) қалыптастыратын «Қазақстан – 2024» Ұлттық рейтингінде білім ордамыз 2-ші орыннан көрінді.

Әлбетте, жоғары кәсіби білікті профессорлық-оқытушылар құрамысыз және де тұтастай ұжымымыздың әлемнің озық университтерінің қатарына қосылуға деген ұмтылысы болмаса, мұның барлығының жүзеге асуы екіталай еді?!

Тізімге оралу
© 2022, Астана медицина университеті
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 49а
тел.: +7 (7172) 53 94 47; +7 700 153 94 47
Яндекс.Метрика