Астана медицина университетінде Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің оқу-әдістемелік бірлестігінің алғашқы отырысы өтті.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың тамыз айында Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбектің бұйрығымен Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің оқу-әдістемелік бірлестігі Астана медициналық университетіне берілген болатын.
РОӘК ОӘБ отырысына Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың өзі қатысты.
Күн тәртібінде медициналық кадрларды дайындаудағы өзекті мәселелер қарастырылды:
- ОӘБ құрамы мен құрылымын нақтылау және бекіту, 2024-2025 жылдарға арналған жұмыс жоспарын бекіту;
- «Жалпы медицина», «Педиатрия», «Стоматология» мамандықтарының 3 курс студенттерінің базалық пәндер бойынша білімдерін тәуелсіз бағалау нәтижелерін қарастыру;
- жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беру бағдарламалары бойынша бітірушілерді қорытынды аттестаттау нәтижелерін қарау;
Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің оқу-әдістемелік бірлестігінің негізгі мақсаты – білім беру, ғылыми және медициналық мекемелер арасындағы тиімді өзара қарым-қатынас қамтамасыз ету.
– Мемлекет басшысы жолдауында айтылған тапсырмаларын орындау мақсатында біз гранттардың сараланған көлемдерін енгізуді және оларды оқу үдерісінің деңгейіне қарай бөлуді қарастыра бастадық. Бұл жұмыс әлі де жалғасын табады. Білім беру үдерісінің сапасына қарай гранттарды бөлу тәсілі өзгеретініне назар аударамын, – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.
Осы мақсатқа жету үшін ол медициналық білім сапасын арттыру бойынша оқу-әдістемелік бірлестігі жұмысының маңыздылығын атап өтті.
Басқарма төрағасы – ректор Камалжан Надыров университет осы стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруда негізгі дискуссиялық алаңдардың біріне айналатынын баса айтты.
– Біз білім беру бағдарламаларының сапасын арттыруға, оқытудың озық әдістерін енгізуге және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға көңіл бөлеміз. Бұл қадамдар Қазақстандағы медициналық кадрларды даярлау деңгейін арттырудағы негізгі талаптар деп білеміз, – деді ректор.
Бұл кездесу медицина кадрларын даярлаудағы стратегиялық мақсаттарға қол жеткізудің бастапқы нүктесі болды. Астана медицина университеті алдағы уақытта да Қазақстанның денсаулық сақтау саласын дамытуға елеулі үлес қосуда жүйелі жұмыс атқаруда.