Астана медицина университетінің студенттері «Дәрілік заттардың өнеркәсіптік технологиясы» пәні бойынша өндірістік тәжірибеден Қарағанды медицина университетінің базасында өтті. Тәжірибе академиялық ұтқырлық аясында Фармация мектебінің 10 білім алушысының қатысуымен жүзеге асырылды.
Бір апта ішінде студенттер фармацевтикалық зертханалардың нақты жұмысымен танысты. Тәжірибелі жетекшілердің жетекшілігімен олар теориялық білімдерін іс жүзінде қолданды, дәрілік заттардың сапасын бақылаудың заманауи әдістерін меңгерді және сироптар, ерітінділер, кремдер мен бальзамдар дайындау технологияларын үйренді.
Оқу процесімен қатар студенттерге университет, зертханалар мен анатомиялық мұражай бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Тәжірибе болашақ фармацевтердің кәсіби құзыреттілігін нығайтып, жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтті.