Астана медицина университетінде интернет алаяқтығын алдын алу бойынша кездесу өткізілді. Сарыарқа ауданы Полиция басқармасының криминалды полиция бөлімінің жедел уәкілі В.Маденов студенттерге қаскөйлердің қақпанына ілінбеудің жолдарын түсіндірді.

Астана медицина университетінде интернет алаяқтығын алдын алу бойынша кездесу өткізілді. Сарыарқа ауданы Полиция басқармасының криминалды полиция бөлімінің жедел уәкілі В.Маденов студенттерге қаскөйлердің қақпанына ілінбеудің жолдарын түсіндірді.

Өкініштісі сол, қылмыстың бұл түрі жөнінде көпшілік хабардар болғанымен арамзалардың арбауына түсіп жатқан адамдардың қатары азаймай тұр. Заманың түлкі болса, тазы болып шалудың жан-жақты баламасын полиция лейтенанты келесідей жеткізді.

В.Маденовтың айтуынша, қазір интернет арқылы жасалатын қылмыстың 5 түрі кең таралып отыр:



  • Банк қызметкерінің атын жамылып қоңырау шалу;
  • Танымал мессенджерлердегі аккаунтты бұзу (Whatsapp, Telegram);
  • Жеке қаражатты «белгілі бір іске инвестициялау» желеуімен қоңырау шалу;
  • Instagram-дағы алаяқтық;
  • Маркетплейстегі алаяқтық (OLX, «Крыша», «Колеса» және т.б.).


Тәртіп сақшысы айтқандай, оңай олжаға кенелудің түбі кез келген жанды әбден опық жегізу мүмкін. Айталық, қаржы пирамидалары, онлайн-казинолар, криптовалюта нарығы, тұрмыстық техника саудаланатын цифрлы дүкендер және жарты бағаға курорттарға жолдамалар, сол секілді тегін музыка жүктелетін немесе көркем фильмдер сайттары — осының бәрінде алаяқтардың тұзақтары жасырылып тұруы мүмкін.

Заман дамыған сайын әккі қылмыскерлердің әдістері де жаңарып отыратынын ескерген абзал. «Сақтықта қорлық жоқ» дегендей осы үрдістен сақтанудың амалдарын болашақ дәрігерлер де біліп жүруге тиіс.

Әдетте заңды белден басатындар банк карталары мен электронды есепшот деректерін иемденуге күш салады, сондай-ақ үшінші тұлғаға ақша аударуды сұрап, адамдарды бүкіл тапқан-таянғанынан айырады.  

Бұдан басқа спикер студенттерге өз қызметінің мақсаты туралы, халықтан интернет алаяқтық жағдайлары бойынша арыз түскен кездегі полицияның іс-қимыл тәртібі жөнінде айтып, сондай-ақ алаяқтардың психологиялық мінез-құлқын сипаттап берді. Ішкі істер органының өкілі аталған факт байқалып жатса, «мүлдем төзбеу» қағидасына сәйкес арнаулы орындарға жедел хабарласуды сұрады.  


Тізімге оралу
© 2022, Астана медицина университеті
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 49а
тел.: +7 (7172) 53 94 47; +7 700 153 94 47
Яндекс.Метрика