Медицина мектебі

Медицина мектебі

Басшылық
Смагулова Алия Курманбекқызы
Медицина мектебінің деканы

PhD докторы, жоғары санатты дәрігер-терапевт, кардиолог, халықаралық спикер, сондай-ақ EHRA (European Heart Rhythm Association), ESC (European Society of Cardiology), Қазақстан кардиологтар қауымдастығы және Қазақ аритмологтар қоғамының мүшесі.

Смағұлова А.К. 2005 жылы «Астана медицина университеті» КеАҚ-ты «Жалпы медицина» мамандығы бойынша үздік дипломмен тәмамдады. 2005–2006 жылдары осы университетте «Терапия» мамандығы бойынша интернатурадан өтті, ал 2006–2009 жылдары «Ішкі аурулар» мамандығы бойынша клиникалық ординатураны аяқтады. Жалпы дәрігерлік еңбек өтілі – 19 жыл.

Еңбек жолын 2009 жылы «Астана медицина университеті» КеАҚ Ішкі аурулар №2 кафедрасында ассистент қызметінен бастады. 2023 жылғы қарашадан 2026 жылғы наурызға дейін осы университеттің Гериатрия курсымен ішкі аурулар кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. 2026 жылғы 17 наурыздан бастап Медицина мектебінің деканы болып тағайындалды.

Ғылыми қызметі

Scopus Author ID: 57205369649 Хирш индексі: 2

70-тен астам ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім сапасын қамтамасыз ету комитеті ұсынған басылымдарда 11 мақала және халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда 6 мақала жарияланған, атап айтқанда: Biomedicines журналында 1 мақала (Web of Science және Scopus базаларында индекстелген, Q1); Journal of Arrhythmia журналында 1 мақала (Web of Science және Scopus, Q2); International Journal of Women’s Health and Reproduction Sciences журналында 1 мақала (Web of Science және Scopus, Q3); Georgian Medical News журналында 3 мақала (Scopus, Q3).

Сонымен қатар, алыс және жақын шетелдерде өткен республикалық және халықаралық ғылыми конференциялар материалдарында 50-ден астам тезис жариялаған (АҚШ, Еуропа, ТМД елдері, оның ішінде Q1 деңгейіндегі басылымдар).

«Жүкті әйелдердегі аритмиялар» атты 1 монографияның авторы және «Клиникалық аритмология» кітабының (1 тарау) авторларының бірі.

Соңғы 5 жылда келесі зияткерлік меншік нысандарына авторлық құқық куәліктері алынған:

1.     «Жүрек өткізгіштігінің бұзылыстары бар жүкті әйелдерге электрокардиостимулятор имплантациялау» №1059;

2.     «Жүкті әйелдердегі аритмияларды емдеуде флюороскопиясыз транскатетерлік радиожиілікті абляция» №1061;

3.     «Кардиохирургиялық операциялар мен катетерлік абляциядан кейінгі науқастарда жүрекшелік аритмиялардың рецидивін болжау маркерлерін анықтау» №20150;

4.     «CBL технологиясын қолдана отырып “Бухгалтер-жүргізуші” тақырыбындағы клиникалық кейс» №54475;

5.     «TPCBL технологиясын қолдана отырып “Сырлаушы” тақырыбындағы интеграцияланған клиникалық кейс» №54072;

6.     «CBL технологиясын қолдана отырып “Әлеуметтік қызметкер” тақырыбындағы интеграцияланған кейс» №54276;

7.     «Халықаралық тәжірибеде RBL инновациялық технологиясын практикалық қолдану» №60580.

Соңғы 5 жылда 30-дан астам халықаралық ғылыми конгрестерге (Австрия, Испания, Дания, Түркия, Ресей) Қазақстан Республикасының өкілі және спикері ретінде қатысып, ауызша және постерлік баяндамалар жасаған.

EHRA, ESC, APHRS, Қазақстан кардиологтар қауымдастығы және Қазақ аритмологтар қоғамының мүшесі.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2021–2023 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасында дербестендірілген және превентивті медицинаны енгізудің ұлттық бағдарламасы» атты ғылыми-техникалық бағдарламасына зерттеу тобының мүшесі ретінде қатысқан. Сонымен қатар ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру конкурстарына зерттеуші ретінде қатысады.

Педагогикалық қызметі

2024 жылдан бастап «Астана медицина университеті» КеАҚ-да «Медицина» білім беру бағдарламасының жетекшісі болып табылады.

Келесі семинарлардың авторы және лекторы:

1.     «Халықаралық тәжірибеде RBL инновациялық технологиясын практикалық қолдану» (№60580 авторлық құқық куәлігі, 04.07.2025 ж., 97 тыңдаушы);

2.     «Медициналық білім берудегі 360° бағалау» (Академиялық кеңестің шешімімен бекітілген, №6/1 хаттама, 19.06.2025 ж., 32 тыңдаушы);

3.     «Медициналық ұйымдарда оқыту мен бағалаудың тиімді әдістері» (11 тыңдаушы);

4.     Түркияның Башкент университетінің профессоры Fazıl Serdar Gürel-мен бірлескен лектор ретінде «Интеграцияланған оқу жоспарларындағы оқыту және бағалау әдістері» семинары (64 тыңдаушы, оның ішінде шетелдік қатысушылар);

5.     KazAID ұйымдастырған «Авиценна: денсаулық сақтау» бағдарламасы аясында (2024 ж.) Орталық Азия елдерінің оқытушыларына арналған курста профессор Fazıl Serdar Gürel-мен бірлескен лектор (27 тыңдаушы).

Білім беру үдерісіне инновациялық технологиялар – белсенді оқыту әдістері (CBL, TPCBL, RBL) енгізілген.

Жыл сайын білім алушылардың (бакалавриат, резидентура) ғылыми-зерттеу жұмыстарына жетекшілік етеді, 2025 жылдан бастап 7М10102 «Медицина» мамандығы бойынша магистранттың ғылыми жұмысына жетекшілік етуде.

Сыртқы және ішкі академиялық ұтқырлық бағдарламалары аясында аритмология және геронтология бойынша дәрістер циклін жүргізеді (Словения – Любляна университеті; Жапония – Киото университеті; Түркия – Чанаккале 18 наурыз университеті; Қазақстан – Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті).

Марапаттары: Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі (№712 бұйрық, 10.10.2024 ж.); Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің Алғыс хаты (№470 бұйрық, 26.08.2023 ж.); Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Бас әскери-медициналық басқармасы бастығының Алғыс хаты (13.06.2025 ж.).

«Ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ-ның шақырылған сарапшысы болып табылады.

Тілдік құзыреті

  • Ағылшын тілі – еркін (IELTS 6.0)
  • Француз тілі – базалық деңгей (DELF A1)

 

Байланыс мәліметтері
email: smagulova.al@amu.kz

Кадрлық құрам

Мақсаттары

Еңбек нарығының заманауи талаптарына жауап беретін, сұранысқа ие, білікті «Жалпы медицина» мамандығы бойынша медицина бакалаврларын дайындау

Құрылу тарихы

2007 жылы Қазақстан Республикасының медициналық және фармацевтикалық білім беруді реформалау тұжырымдамасының қабылдануымен «Жалпы медицина» мамандығы бойынша дәрігерлерді даярлау басталды.

«Астана медицина университеті» КЕАҚ-да аталған Тұжырымдаманы іске асыру 2007 жылдың тамызында ректор Ж.А. Досқалиевтің бастамасымен «Жалпы медицина» факультетінің құрылуынан басталды. Факультет деканының орынбасары лауазымына биологиялық химия кафедрасының доценті, б.ғ.к. Байқанова Раушан Қарабайқызы шақырылып, ол деканат жұмысын ұйымдастырды және алғашқы студенттерді қабылдауды жүзеге асырды. Кейіннен декан орынбасары қызметіне доцент Игенбаева Бақыт Балкенқызы кірісті. Сол жылы факультеттің алғашқы деканы болып м.ғ.д., профессор Тұғанбеков Тұрлыбек Үмітжанұлы тағайындалды.

Студенттердің жаңа легінің қабылдануына байланысты декан орынбасарлары болып Тайжанова Ляззат Евгеньевна мен Нұрхан Бақшагүл Кәрібайқызы тағайындалды. Кейіннен «Жалпы медицина» факультетін м.ғ.к., PhD докторы Құспаев Ержан Нұрғалиұлы басқарды.

Келесі жылдары факультет деканы қызметін м.ғ.к., доцент Суманова Айгүл Махсатқызы, м.ғ.к., доцент Қалиева Айжан Қайырбекқызы атқарды. 2011 жылдың ақпанынан 2022 жылға дейін факультет деканы м.ғ.д., қауымдастырылған профессор Махамбетов Қайыргелді Омбайұлы болды, ал 2023 жылдан 2026 жылға дейін Сариева Айнұр Әнуарқызы басқарды.

Қазіргі уақытта Медицина мектебінің деканы — Смағұлова Әлия Құрманбекқызы, PhD докторы, жоғары санатты дәрігер-терапевт, кардиолог, халықаралық спикер, сондай-ақ EHRA (European Heart Rhythm Association), ESC (European Society of Cardiology), Қазақстан кардиологтар қауымдастығы және Қазақ аритмологтар қоғамының мүшесі.

Медицина мектебінің білім беру бағдарламаларын іске асыруға Университеттің 40-тан астам кафедрасы тартылған. Мектепте 6000-нан астам білім алушы білім алуда, бұл жалпы білім алушылар контингентінің 60%-дан астамын құрайды (бакалавриат – 4153, интернатура – 1871).
2012 жылы «Жалпы медицина» мамандығы бойынша медицина бакалаврларының алғашқы түлектері (457 студент) даярланып шығарылды.

Қызметі

Мектеп қызметі оның даму стратегиясын әзірлеуді, жұмыс берушілермен және білім беруді басқару органдарымен сыртқы байланыстарды нығайту мен дамытуды, сондай-ақ университеттің құрылымдық бөлімшелерімен және кафедраларымен бірлесіп білім беру бағдарламаларын дайындау мен жетілдіруді қамтиды.

Мектеп оқу жұмысының ұйымдастырылуы мен барысына бақылау жасайды, емтихан сессияларының нәтижелеріне талдау жүргізеді, оқу процесін жақсарту мен білім беру сапасын арттыру бойынша ұсыныстар әзірлейді. Кафедра меңгерушілерімен бірлесе отырып, мектеп профессор-оқытушылар құрамын іріктеуді және мектептегі білім беру процесін қамтамасыз етуді жүзеге асырады.

Мектеп кеңесінің жұмысына басшылық жасайды, мектептің жұмыс жоспарларының орындалуын бақылайды және оларды Университеттің даму жоспарларымен үйлестіреді. Білім беру бағдарламаларын аккредиттеуге дайындық процесін ұйымдастырады және оған, сондай-ақ аккредиттеуден кейінгі мониторингке белсенді қатысады. Білім алушылардың қосымша құзыреттерін дамыту үшін жазғы мектепті ұйымдастыру бойынша тұрақты жұмыс жүргізеді, сондай-ақ курстар мен пәндер/модульдер бөлінісінде мамандық бойынша түлектің құзыреттерін игеруіне үздіксіз талдау жасайды.

Жетістіктері

Жаһандану жағдайында тілдік мәдениетті меңгерген бәсекеге қабілетті ұрпақты қалыптастыруға ықпал ететін көптілді білім беруді өзектендіру мақсатында 2009 жылы факультетте алғаш рет ағылшын тілінде оқытатын эксперименттік топ құрылды. Көптілділік бағдарламасын іске асыру аясында 2012 жылдан бастап мектепте көптілді топтар жасақталды.

2012 жылы факультет Жалпы хирургия кафедрасымен бірлесіп «Veritas» студенттік хирургиялық клубын құрды. Клуб көптеген халықаралық конкурстар мен олимпиадалардың (Мәскеу, Санкт-Петербург, Томск, Новосибирск, Уфа) жеңімпазы атанды. 2019 жылы терапияның бес бағыты бойынша «Консилиум» студенттік терапевтік клубы құрылды.

Қазіргі уақытта университетте "Alma-Mater", “Veritas”, “Enactus”, Surgery Trends, «Эскулап», «Vita&Mors», KazMSA (IFMSA бөлігі), Cardiology club, Consilium Therapy сияқты үйірмелер жұмыс істейді.

2019 жылы Университетте алғаш рет «АМУ» КЕАҚ және Қазақстан, Ресей, Қырғызстанның өзге де жоғары оқу орындары студенттерінің қатысуымен хирургия және реабилитология бойынша жазғы мектеп басталды. Қазіргі таңда жазғы мектеп бағдарламасы медицинаның өзекті бағыттары бойынша 14 циклден тұрады. Пандемия кезеңінде жазғы мектеп оффлайн және онлайн форматтарда өткізілді. 2019 жылы алғаш рет «Акдениз» университетінде (Анталия) Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Түркия білім алушыларының қатысуымен хирургия және терапия бойынша халықаралық жазғы мектеп ұйымдастырылды.

2019 жылы факультет Университет базасында алғаш рет 6 елден (Қазақстан, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия) келген 23 команданың қатысуымен медицина бойынша I Халықаралық олимпиада өткізді. 2012 жылдан бастап факультет жақын және алыс шет елдермен (Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Болгария, Оңтүстік Корея, Италия, Литва, Словения, Польша, Түркия) академиялық ұтқырлық бағдарламасын іске асырып келеді.

Жыл сайын «Медицина» және «Жалпы медицина» ББ бакалавриат студенттері ҚР Президентінің, В.Г. Корпачев атындағы атаулы стипендиялардың және «КазЭнерджи» грантының иегері атанады. 2025 жылдан бастап Назарбаев Университеті-мен бірлесіп 6В10127 «Медицина» білім беру бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарлама аясында екі топ іріктеліп, қазіргі уақытта ағылшын тілінде білім алуда. Профессорлық-оқытушылық құрам тиісті даярлықтан өтті. Студенттер «Диабет күні», Университет ардагерлеріне кураторлық ету, «Бөбектер үйі» мен «Қарттар үйіне» қамқорлық жасау сияқты еріктілер қозғалыстарын ұйымдастырып, қалалық, республикалық және халықаралық іс-шараларға белсене қатысады.

Байланыс

Астана қ., Бейбітшілік көш., 49А, 2-қабат, 205, 207, 209, 210, 212 кабинеттер.
Тел.: 8 (7172) 53 94 37, 53 94 40, 57 78 96 (ішкі 357), 57 78 96 (ішкі 239).

Нормативтік-реттеуші құжаттар Фотогалерея
Тізімге оралу
© 2022, Астана медицина университеті
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 49а
тел.: +7 (7172) 53 94 47; +7 700 153 94 47
Яндекс.Метрика