Академиялық ұтқырлық оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттырады

Академиялық ұтқырлық оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттырады

Жуырда АстМУ Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Жанна Мәжитова академиялық ұтқырлық аясында Бішкекке барып, И.Қ.Ахунбаев ат. Қырғыз мемлекеттік медицина академиясында дәріс оқыды. Атап айтқанда, «Отандық тарих» пәні аясында емдеу факультетінің 2 курс студенттеріне өткізілген дәрісте «Совет дәуіріндегі Қырғызстан» тақырыбы қаралды. Осы арқылы қырғыз жастары ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Совет одағы тарихындағы өзекті мәселелер жайлы, оның ішінде медицинаға қатысты қызықты мәліметтермен таныса алды. Сонымен қатар Жанна Сәбитбекқызы бауырлас елдің студенттеріне Қазақстан медицинасының тарихы туралы ғылыми ізденістерін жеткізіп, дәрісті Астана медицина университетінің құрылу жылнамасына байланысты дерекпен түйіндеді.
 
Бұдан бөлек Ж.Мәжитова «Беделді журналдарда ғылыми мақалаларды жариялау» тақырыбында ғылыми-әдістемелік семинар өткізді. Оған И.Қ.Ахунбаев ат. ҚММА Философия және қоғамдық ғылымдар кафедрасының мүшелері, сондай-ақ Ж.Баласағын ат. Қырғыз ұлттық университеті мен И.Арабаев ат. Қырғыз мемлекеттік университетінің өкілдері қатысты. Аталған семинардың тақырыбы көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
 
Академиялық ұтқырлық аясындағы іссапар кезінде АстМУ-дің оқытушысы И.Қ.Ахунбаев ат. ҚММА ректоры, м. ғ. д., проф. И.Құдайбергеновамен, Ж. Баласағын ат. Қырғыз ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторымен, сондай-ақ И.Арабаев ат. Қырғыз мемлекеттік университетінің ғылым, халықаралық байланыстар және инновациялар жөніндегі проректоры А.Чалданбаевамен кездесті. Оның барысында Ж.Мәжитова АстМУ-дің медицина мен білім беру ісіндегі жетістіктері туралы айтып, екіжақты ғылыми және оқу-әдістемелік ынтымақтастықты арттыру жолдарын – бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру, АстМУ Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар кафедрасының профессорлық-оқытушылар құрамын докторантурада оқыту, халықаралық конференциялар өткізу, академиялық алмасу бағдарламасын дамыту мүмкіндіктері талқыланды.

И.Қ.Ахунбаев ат. Қырғыз мемлекеттік медицина академиясының басшылығы Ж.Мәжитованың жұмысын жоғары бағалап, академиялық ұтқырлық аясындағы жемісті әріптестікті одан ары арттыруға мүдделі екенін жеткізді.
Тізімге оралу
© 2022, Астана медицина университеті
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 49а
тел.: +7 (7172) 53 94 47; +7 700 153 94 47
Яндекс.Метрика