AМУ денсаулық сақтау жүйесі үшін 1200-ден астам маман дайындады

AМУ денсаулық сақтау жүйесі үшін 1200-ден астам маман дайындады

Астана медицина университеті жыл сайынғы дәстүр бойынша «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында түлектер үшін диплом табыстау рәсімін өткізді. Салтанатты шарада еліміздегі 4 жоғары оқу орындарының ең дарынды студенттері де елордада ерекше үлгідегі дипломдарын қолға алды. Ірі компаниялардың өкілдері АМУ студенттеріне 25 млн теңгеден астам қаржыға атаулы шәкіртақылар тағайындады.

 

Биыл Астана медицина университетінің 1200-ден астам қазақстандық және шетелдік студенті оқуларын сәтті аяқтады және жұмысқа кірісуге әзір. Оқу ордасында Үндістан, Пәкістан, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан және Иорданиядан келген жас мамандар білім алды. Түлектер интернатура мен бакалавриат деңгейінде 7 бағыт бойынша білім алды: «Жалпы медицина», «Стоматология», «Фармация», «Қоғамдық денсаулық сақтау», «Мейірбике ісі», «Кинезиотерапия» және «Эрготерапия». Олар тәжірибелік дағдыларын үздік емханалар мен медициналық орталықтарда шыңдап, әлемнің жетекші университеттерінде шетелдік тәжірибені зерделеуге мүмкіндік алды.

- «Астана медицина университеті - Қазақстанда дәрігерлерді дайындау бойынша көшбасшы. Жыл сайын  оқу ордасының 1000-нан астам жас маманы еліміздің медициналық мекемелеріне жұмысқа орналасады. Студенттеріміз бірнеше жыл бұрын Медициналық университетке түсіп, маңызды таңдау жасады. Бүгін бұл қадамның саналы және дұрыс екенін дәлелдедіңіздер! Біздің оқытушылар сапалы білім алу үшін барлық қажетті жағдайларды жасап, бойларыңызға адалдық пен кәсібилікті сіңірді! Алдағы уақытта сіздер адамдарға қызмет ету және пациенттердің денсаулығына қамқорлық жасау деген жауапты миссияға кірісесіздер. Ақ халаттың абыройын сақтап, біліктілік пен білімді үнемі шыңдау маңызды», - деп атап өтті өз сөзінде АМУ ректоры Қамалжан Надыров.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова түлектерді құттықтап, жас мамандарға қолда бар жетістіктерді одан әрі дамыту, заманауи технологиялар мен тәжірибелерді енгізу, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жетілдіру қажеттігін атап өтті.

Жас мамандарға «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, белгілі медицина қайраткерлері, кәсіпкерлер, ұлттық ғылыми орталықтар мен медициналық мекемелердің басшылары, университет оқытушылары өз тілектерін білдірді.

Биыл АМУ ұйымдастырған салтанатты шараның ерекшелігі Қарағанды ​​медицина университетінің,  С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің, Семей медицина университетінің, М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ең дарынды түлектеріне де Астана қаласында дипломдар табысталды.

«Orbis Qazaqstan», «Sensata Group», «G-Park», «MIT» компанияларының өкілдері АМУ білім алушыларына 25 млн теңгеден астам сомаға атаулы шәкіртақылар тағайындады. Кәсіпкерлер жеке қаражаттарын дарынды және мұқтаж студенттерді қолдау үшін «AMU Endowment Development Fund» аударды.

Әсет Жарылқапов интернатурада оқуын аяқтап, жалпы дәрігерлік практика бойынша дипломын қолына алды. Жас маман бала күнгі арманын орындап, хирург болуды ұйғарды.

«Бүгін мен үшін тебіреніске толы күн. Астана медицина университеті маған көптеген мүмкіндіктер ашып, дүниетанымымды кеңейтті. Тәжірибелі оқытушылардың арқасында заман талабына сай білім алып, шет тілін меңгеріп, оқу барысында ағылшын тілді топқа ауысуға мүмкіндік берілді. Бір жыл бойы Еуропада шеберлігімді шыңдадым. Нефрология, радиология, хирургия салалары бойынша халықаралық және республикалық олимпиадаларда 8 жүлделі орынға ие болдым. Енді мен хирургияны таңдап, оқуымды одан әрі жалғастырамын», - дейді АМУ түлегі Әсет Жарылқапов.

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры үшінші жыл қатарынан Астана медицина университетінің түлектеріне диплом тапсыру рәсімін тегін өткізу мүмкіндігін ұсынып отыр.

Атап өткен жөн, биыл АМУ негізі қаланғанына 60 жыл толады. Осы уақыт аралығында еліміздің жетекші университеті денсаулық сақтау саласы үшін 30 мыңнан астам жоғары білікті мамандарды дайындады. Университет уақыт талабы мен қоғам сұранысына сай оқу-тәрбие үрдісін үнемі жетілдіріп келеді.

 

                                                                                        АМУ баспасөз қызметі

Тізімге оралу
© 2022, Астана медицина университеті
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 49а
тел.: +7 (7172) 53 94 47; +7 700 153 94 47
Яндекс.Метрика