АСТАНА МЕДИЦИНАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

АСТАНА МЕДИЦИНАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

2024 жылғы 14 қазан күні «Астана Опера» театрында Астана медициналық университетінің 60 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара ұйымдастырылды. Мерекелік гала-концертке академиялық қауымдастық өкілдері, серіктестер, студенттер мен арнайы шақырылған қонақтар қатысып, университет тарихындағы маңызды белесті бірге атап өтті.

Салтанатты жиынның шымылдығын ашқан «Астана медицина университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы – Ректоры Камалжан Надыров білім беру саласының ардагерлеріне, серіктестер мен оқытушыларға ризашылығын білдірді:

«Бүгін біз университетіміздің даму жолындағы айтулы белесті атап өту үшін жиналдық. Бұл мерейтой тек қуанышқа толы сәт қана емес, сонымен қатар көп жылғы еңбек пен ізденістің жемісі. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, біз қызмет етіп жүрген әріптестерімізге күнделікті қажырлы еңбегі, шынайы адалдығы мен кәсіби шеберлігі үшін алғыс білдіреміз.

Бүгін осы сахна төрінде университетіміздің үздік қызметкерлері, ардагерлері, көрнекті түлектері және серіктестері марапатталатын болады», – деді ректор өз сөзінде.

Мерекелік шара барысында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек құттықтау сөз сөйлеп, университет түлектерінің елорда мен ел медицинасына қосқан айрықша үлесін атап өтті.

«Астанаға еліміздің түкпір-түкпірінен және шет елдерден ем іздеп келетін науқастар көп. Біздің мақсатымыз – қаламызды халықаралық деңгейде сұранысқа ие жоғары сапалы медициналық көмек көрсету орталығына айналдыру. Бұл жолда біз медициналық білім беруді дамытуға, білікті кадрларды даярлауға және университеттің инфрақұрылымын нығайтуға әрдайым қолдау көрсетеміз», – деді елорда әкімі.

Іс-шара аясында «Университет мақтанышы» марапттары, мерейтойлық және «Достық» медальдары табысталды. Аталмыш атақтар денсаулық сақтау саласына елеулі үлес қосқан түлектер мен оқытушыларға, сондай-ақ университеттің білім беру және ғылыми бастамаларын қолдаған серіктестерге берілді.

«Университет үздігі» премиясын табыстау рәсімі ерекше мәнге ие болды. Конкурсы аясында келесі номинациялар бойынша марапат иегерлері анықталды:

          Үздік оқытушы: Мусина Айман Аяшевна – қоғамдық денсаулық және эпидемиология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор

          Теориялық кафедраның үздік зерттеушісі: Тургамбаева Асия Қайрбаевна – қоғамдық денсаулық және менеджмент кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор

          Клиникалық кафедраның үздік зерттеушісі: Абдрахманов Аян Сулейменович – кардиология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор

          Үздік клиникалық база: №2 қалалық көпсалалы аурухана

          Үздік теориялық кафедра: Қоғамдық денсаулық және эпидемиология кафедрасы

          Үздік клиникалық кафедра: №1 Акушерия және гинекология кафедрасы

          Үздік студенттік ұйым: ENACTUS AMU

          Үздік мектеп: Медицина мектебі

Сонымен қатар, серіктестер мен меценаттардың қолдауымен 33 талантты студентке атаулы стипендиялар табысталды.

60 жылдық тарихында Астана медицина университеті көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Бүгінгі таңда университетте 11 мыңнан астам студент, оның ішінде 1000-нан астам шетелдік білім алушы оқиды. Оқу үдерісін 1000-нан аса білікті оқытушы мен профессор қамтамасыз етеді.

Айта кетсек, мерекелік шара бірінші «Astana Medical Forum 2024: Болашақ медицинасы- ғылым, білім және практика интеграциясы» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының аясында өтті.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен 14-15 қазан күндері өтіп жатқан конференцияда медициналық ғылым, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы жаһандық сын-қатерлер талқыланады. Форумның басты мақсаты – тұрақты даму үшін жаңа ғылыми жетістіктерді және инновациялық технологияларды интеграциялау арқылы стратегиялық шешімдер қабылдау.

Ауқымды шараның алғашқы күні маңызды оқиғалармен есте қалды – Тыныс алу медицинасы мен жүрек ырғағы ғылыми-зерттеу институттарының ресми ашылуы өтті. Бұл институттардың іске қосылуы Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін күшейтуге, медициналық қызметтің сапасын жақсартуға және әлемдік стандарттарға сай келетін ғылыми зерттеулерді дамытуға деген ұмтылысты айқындайды.

Сондай-ақ конференция аясында пленарлық отырыстар, түрлі мастер-класстар және дөңгелек үстелдер өтеді деп жоспарланған.

 

 

 

Тізімге оралу
© 2022, Астана медицина университеті
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 49а
тел.: +7 (7172) 53 94 47; +7 700 153 94 47
Яндекс.Метрика