Отандық дәрігерлер мен шетелдік мамандар Қазақстанда респираторлық медицина мен кардиологияның дамуын талқылады

Отандық дәрігерлер мен шетелдік мамандар Қазақстанда респираторлық медицина мен кардиологияның дамуын талқылады

«Astana Medical Forum 2024» бірінші халықаралық конференциясы аясында Респираторлық форумы және Аритмология симпозиумы ұйымдастырылды.

Респираторлық форумына отандық жетекші дәрігерлер ғана емес, шетелдік мамандар да атсалысты.

Соңғы жылдары республикада респираторлық аурулар проблемасы өзекті болып, аурушаңдық пен өлім-жітім бойынша жетекші орынды иеленді. Тыныс алу медицинасының алдында көптеген міндеттер қойылған: кадр мәселесін шешуден бастап ұлттық даму стратегияларын жетілдіруге және респираторлық аурулармен ауыратын азаматтарға медициналық көмек көрсету сапасын арттыруға негіз бола алатын ауқымды ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру өзектілігі артып тұр.

«Астана медицина университеті» респираторлық медицина саласындағы кадрларды даярлау, ұйымдастырушылық, әдістемелік және ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша республикадағы көшбасшылардың бірі. Университет қабырғасында алдыңғы қатарлы білім беру технологиялары мен инновациялық ғылыми бағыттарды белсенді түрде енгізіп жатқан бірқатар жетекші пульмонологтар бар. Осыған орай, бар кадрлық ресурстар мен жетістіктерге сүйене отырып, университет жанынан респираторлық медицина ғылыми-зерттеу институтын ашу идеясы туындады.

Форум бағдарламасы респираторлық ауруларды диагностикалау, алдын алу және емдеуге қатысты мәселелердің барынша кең ауқымын қамтыды. Респираторлық медицина саласындағы ұлттық даму мақсаттарын іске асыру бойынша практикалық шешімдерді әзірлеуге басымдылық берілді.

Форум Қазақстан мен басқа елдердің мамандары арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Олар респираторлық медицина саласындағы ұлттық даму мақсаттарын жүзеге асырудың практикалық қадамдарын бірлесіп әзірлейтін болады. Көтерілген мәселелердің кең ауқымы және сарапшылардың жоғары деңгейі қатысушыларға жаңа білімдер мен кәсіби дағдыларын арттыруға арналған құралдарға қол жеткізуге мүмкіндік жасады.

Аритмология симпозиумына танымал ресейлік кардиолог, Ресей ғылым академиясының академигі, бүгіннен бастап Астана медицина университетінің құрметті профессоры Сергей Попов қатысты.

Аталмыш симпозиум заманауи кардиологияның негізгі бағыттарының бірі – аритмология саласындағы озық ғылым мен клиникалық тәжірибе алмасуға арналған бірегей алаңға айналды.

Симпозиумға 100-ден астам маман, оның ішінде Қазақстан мен Ресейдің жетекші сарапшылары жиналды. Қатысушылар жүрек ырғағының бұзылуын диагностикалау, емдеу және алдын алудағы соңғы жетістіктерді талқылады. Сонымен қатар практикалық кардиологияға инновациялық технологиялар мен тәсілдерді енгізу тәжірибесімен бөлісті.

Симпозиумның мақсаты қатысушыларды соңғы ғылыми зерттеулермен және клиникалық ұсыныстармен таныстыру ғана емес, сонымен бірге Қазақстанда және көршілес елдерде аритмологиялық көмекті жақсартудың стратегиялық тәсілдерін әзірлеу. Аритмияны зерттейтін және емдейтін негізгі ғылыми орталыққа айналатын «Жүрек ырғағы» ғылыми-зерттеу институтына ерекше назар аударылды.

Тізімге оралу
© 2022, Астана медицина университеті
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 49а
тел.: +7 (7172) 53 94 47; +7 700 153 94 47
Яндекс.Метрика