ӨЗГЕРІС УАҚЫТЫ: УНИВЕРСИТЕТ БОЛАШАҚ МЕДИЦИНАСЫН ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ

ӨЗГЕРІС УАҚЫТЫ: УНИВЕРСИТЕТ БОЛАШАҚ МЕДИЦИНАСЫН ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ

Астана бүгінде халықаралық іс-шаралардың маңызды орталығына айналып, медицина, ғылым және білім беру салаларында жетекші позициясын нығайтты. «Astana Medical Forum 2024» – 12 елден келген 2000-нан астам қатысушының басын қосып, Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы көшбасшылық амбициясын айқын дәлелдеді. Университеттің 60 жылдық мерейтойына орайластырылған бұл форум цифрлық технологиялар мен инновациялардың денсаулық сақтау саласындағы жаңа дәуірді бастауға негіз болатынын көрсетті. Халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды дамытудағы бұл маңызды қадам Астананың әлемдік деңгейдегі медициналық ғылымның орталығы ретіндегі мәртебесін тағы бір рет нығайтты.

Форум барысында 40-тан астам сессия, симпозиумдар мен дөңгелек үстелдер өтті. Жасанды интеллектті енгізу, заманауи медицина мамандарын даярлау сынды өзекті тақырыптар көтеріліп, 200-ден астам ғылыми баяндама ұсынылды. Аталмыш іс-шара білім мен диалог құру алаңы ғана емес, сонымен қатар болашақ өзгерістердің катализаторы ретінде ерекшеленді.

Ашылу рәсіміне ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, ҚР Премьер-Министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки, ДДҰ және шетелдік университеттердің өкілдері қатысты. Университеттің Басқарма төрағасы – Ректор Камалжан Надыров өз сөзінде университеттің стратегиялық трансформациялық жоспарын таныстырды.

“Әр мерейтой – өткенге көз жүгіртіп, қорытынды жасап, болашаққа жоспар құруға мүмкіндік береді. Университетіміз қарапайым институттан ірі ғылым мен білім ордасына айналды. Бүгінгі күнде бізде 11 мыңға жуық студент білім алуда, ал 60 жыл ішінде 30 мыңнан астам маман дайындап, денсаулық сақтау саласына қомақты үлес қостық”, – деп атап өтті ректор.

Форум аясында екі жаңа ғылыми-зерттеу институты ашылды:

• Жүрек ырғағы ҒЗИ – аритмия мен жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеудің заманауи әдістерін зерттеп, енгізуге бағытталған.

• Респираторлық медицина ҒЗИ – тыныс алу жүйесі ауруларын зерттеу және телемедицинаны қолдану арқылы пульмонологиялық көмекті дамытуға арналған.

Бұл институттар еліміздің денсаулық сақтау жүйесін нығайтып, жоғары сапалы ғылыми зерттеулер мен мамандар даярлауда жаңа мүмкіндіктер ашады.

Форум барысында цифрландыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сарапшылар медициналық процестерді автоматтандыру және жасанды интеллектті (ЖИ) енгізу тақырыбын жан-жақты талқылады. Денсаулық сақтау саласының болашағы ретінде электронды денсаулық паспорттары, телемедициналық қызметтер мен ЖИ платформаларының маңызы атап өтілді.

“Жасанды интеллект пациенттерге жеке емдеу жоспарларын ұсынуға және клиникалық шешімдерді дәлірек қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл технологиялар денсаулық сақтау жүйесін жаңа деңгейге көтереді”, – деп сарапшылар өз ойларымен бөлісті.

Форум аясында Қазақстанда тұңғыш рет резиденттер арасында шұғыл көмек көрсету бойынша Пәнаралық спартакиада өтіп, жас дәрігерлер медицинаның болашағы сенімді қолда екенін дәлелдеді. Спартакиада – резиденттердің бүгінгі күні заманауи білімі мен дағдыларын іс жүзінде қолданып, сыни жағдайларда сенімді әрекет ете алатынын көрсеткен бірегей тәжірибе болды. Бұл тек жарыс қана емес, сондай-ақ болашақ дәрігерлердің кәсіби өсуіне қуатты серпін берді. Жақын арада осы мамандар отандық медицинаның алдыңғы шебінде адал қызмет ететініне сенімдіміз.

Өз кезегінде жас ғалымдар симпозиумы мен DemoDay стартаптар байқауы студенттер мен жас зерттеушілердің жоғары әлеуетін көрсетті. MedXAstana форматында ұсынылған жобалар нейрохирургия, ортопедия және кардиология салаларын қамтып, білім алушылардың қызығушылықтарының кең ауқымын және дайындықтарының жоғары деңгейін айқындайды. Жастардың бастамалары мен инновациялық жобаларды қолдау университет үшін басымдық болып қала береді.

Форумда халықаралық серіктестермен негізгі меморандумдар мен маңызды келісімдерге қол қойылды:

• Erasmus MC – қос диплом беру және академиялық алмасу бағдарламалары;

• Istanbul Medipol University және Ресей Ғылым академиясы – бірлескен ғылыми жобалар мен білім беру бағдарламалары;

• Central Asian Medical University және Шығыс Қазақстан техникалық университеті – ғылыми ұтқырлық және білім алмасу бағыттары.

Бұл келісімдер халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, отандық ғылыми зерттеулердің жаңа мүмкіндіктерін ашады.

Мерейтойлық іс-шаралар аясында салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Онда Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің – 23, ал Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің – 12 ведомствоаралық марапаты табысталды. «Университет мақтанышы» атағы 14 көрнекті оқытушы мен түлекке берілді. Мерейтойлық медаль — 6 еңбек сіңірген қызметкерге, ал «Достық» медальдары университет пен медицинаның дамуына үлес қосқан 5 серіктеске табысталды. Сондай-ақ, 33 студент демеушілер мен меценаттардың қолдауымен атаулы стипендияларға ие болды.

Кештің маңызды бөлігі – университеттің үздік қызметкерлері мен бөлімшелерінің еңбегін атап өткен «Университет үздігі» сыйлығын табыстау рәсімі.

Үздік оқытушы: Мусина Айман Аяшқызы – қоғамдық денсаулық және эпидемиология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор

Үздік теориялық зерттеуші: Тұрғамбаева Әсия Қайрбайқызы – қоғамдық денсаулық және менеджмент кафедрасының меңгерушісі

Үздік клиникалық зерттеуші: Абдрахманов Аян Сүлейменұлы – кардиология кафедрасының меңгерушісі, профессор

Үздік клиникалық база: №2 қалалық көпсалалы аурухана

Үздік теориялық кафедра: Қоғамдық денсаулық және эпидемиология кафедрасы

Үздік клиникалық кафедра: №1 акушерлік және гинекология кафедрасы

Үздік студенттік ұйым: ENACTUS AMU

Үздік мектеп: Медицина мектебі

Форум аясындағы «21 ғасырдағы білім мен ғылымның жаңа көкжиектері» пленарлық сессиясында ректор Камалжан Надыров университеттің алдағы трансформациялық стратегиясын ұсынды. Стратегияда шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу, ғылыми зертханаларды жаңғырту, университеттік аурухана құру және жаңа жатақхана мен кампус салу жоспарлары қамтылды.

«Алдағы қадамдарымыз ретінде шетелдік ЖОО филиалын ашу, талапкерлерді іріктеудің жаңа тәсілдерін енгізу, ғылыми зертханаларды жаңғырту, оның ішінде ұжымдық пайдалану зертханасы, бизнес-инкубатор және технопарк құру міндеттерін қойып отырмыз. Клиникалық базалармен ынтымақтастықты нығайту арқылы интеграцияланған академиялық жүйені қалыптастыруға және университеттік аурухананы іске қосуға ықпал етеміз.

Барлық бизнес үдерістерді автоматтандыруды аяқтап, цифрлық университет құру, студенттерге арналған жаңа жатақхана мен университеттің жаңа кампусын салу жоспарлануда. Сонымен қатар, университеттің жаһандық рейтингтердегі танылуын кеңейту – басты міндеттердің бірі.

Осының бәрі жаңа ғимараттары, жоғары білікті мамандары, заманауи клиникалары мен ғылыми инфрақұрылымы бар заманауи университет құруға және медицинаның, қоғамдық денсаулық сақтау мен денсаулық сақтау менеджменті саласында халықаралық деңгейде танылған инновациялар мен білім орталығына айналуға мүмкіндік береді», – деді Камалжан Надыров.

«Astana Medical Forum 2024» – бұл Астана медицина университетінің 60 жылдық тарихын қорытындылап қана қоймай, оны дамытудың жаңа кезеңін бастаған маңызды шара болды. Форум медицина саласындағы идеялар, білім мен тәжірибе алмасудың нағыз алаңына айналып, университеттің ғылым, білім және инновацияларды дамытудағы флагмандық рөлін айқындады. Астана медицина университеті болашақ өзгерістердің қайнар көзі және Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы көшбасшысы болатынына сенімдіміз.

Тізімге оралу
© 2022, Астана медицина университеті
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 49а
тел.: +7 (7172) 53 94 47; +7 700 153 94 47
Яндекс.Метрика