Бүгін, 26 маусым күні, бүкіл әлемде есірткі құралдарын теріс пайдалануға және олардың заңсыз айналымына қарсы күрестің Халықаралық күні аталып өтеді.
Бұл күн 1987 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен есірткіге тәуелділіктен азат қоғам қалыптастыруға бағытталған күш-жігерді күшейту ниетін білдіру мақсатында бекітілді. Оның мақсаты – осы мәселенің ауқымына, оның денсаулыққа, қоғам мен қауіпсіздікке тигізетін салдарына және әлем бойынша қабылданып жатқан қарсы шараларға назар аударту.
Есірткіні теріс пайдалану мен олардың заңсыз айналымы миллиондаған адамның өміріне кері әсер тигізіп, дене мен психикалық денсаулықтың бұзылуына, отбасылардың ыдырауына, әлеуметтік оқшаулануға, тіпті өлімге алып келеді.
Маңыздысы: нашақорлық бұл – күрделі ауру, оны кәсіби медициналық көмек арқылы ғана жеңуге болады.
Жақыныңызға көмектесуге өз бетіңізбен тырысу, мәселені жасыру немесе үй жағдайында емдеу әрекеттері көбіне жағдайды қиындатады.
Бұл күресте нарколог дәрігерлердің орны ерекше. Олар науқастың есірткіден бас тарту кезеңінен өтуіне көмектесіп қана қоймай, оның бүкіл оңалу жолына еріп, рецидивтің алдын алып, қалыпты өмірге оралуына ықпал етеді.
Егер өзіңізден немесе жақыныңыздан тәуелділік белгілерін байқасаңыз – күтпеңіз, дереу кәсіби мамандарға жүгініңіз.
Уақтылы қолдау, дұрыс емдеу және мамандардың араласуы – адам өмірін сақтап қалуы мүмкін.