Астана медицина университетінде дәстүрлі «Ашық есік күні – 2026» іс-шарасы өтіп, болашақ талапкерлерді, мектеп пен колледж оқушыларын, бітіруші курс студенттерін және олардың ата-аналарын бір алаңға тоғыстырды.
Іс-шара университеттің қабылдау комиссиясы тарапынан кәсіби бағдар беру жұмысы аясында ұйымдастырылып, қатысушыларға даярлаудың барлық деңгейіндегі білім беру бағдарламаларымен, заманауи оқу жағдайларымен, дамыған инфрақұрылыммен және жоғары оқу орны студенттеріне берілетін кең мүмкіндіктермен жақынырақ танысуға тамаша мүмкіндік сыйлады.
Бұл күні қатысушылар білім берудің барлық деңгейіндегі мектеп өкілдерімен, студенттік өзін-өзі басқару көшбасшыларымен, сондай-ақ Астана қаласы Ұлттық тестілеу орталығы филиалының басшысы Жанар Жабағинамен кездесті. Қалағандар түрлі мамандықтарға бейімділікті анықтауға бағытталған психофизиологиялық тестілеуден өтті.
Қонақтар үшін мазмұнды экскурсиялық бағдарлама ұйымдастырылды. Оқушылар университет мұражайын, кітапхананы және симуляциялық орталықты аралап, болашақ мамандарды даярлауда қолданылатын заманауи технологиялармен танысты. Қатысушыларға А.Б.Әубәкіров атындағы адам анатомиясы кафедрасы мұражайының жәдігерлері, жалпы және биологиялық химия кафедрасының оқу зертханасының жабдықтары таныстырылып, №3 отбасылық медицина кафедрасы ұйымдастырған алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша шеберлік сабағы өткізілді. Сонымен қатар, қонақтар әскери дайындық кафедрасының қызметімен танысты.
Қатысушыларға университеттегі студенттік өмірдің ерекше атмосферасы зор әсер қалдырды. Болашақ талапкерлер оқуға түсу кезеңдері, кафедралар ұйымдастыратын жазғы мектептер туралы толық ақпарат алып, университеттің қалыптасу тарихымен, оқытушылар мен студенттердің ғылыми, шығармашылық және спорт салаларындағы жетістіктерімен танысты.
Ашық есік күні жастарды медициналық білім беру әлемімен таныстырған маңызды алаңға айналып, көптеген қатысушыларға болашақ мамандығын таңдауда алғашқы қадам жасауға жол ашты.