Астана медицина университетінде білім беру сапасын ішкі қамтамасыз ету жүйесін одан әрі жетілдіруге және басқару процестерінің тиімділігін арттыруға бағытталған кафедралар мен құрылымдық бөлімшелердің жоспарлы ішкі аудиті аяқталды.
Аудит 2026 жылғы 14–30 сәуір аралығында Басқарма Төрағасы – Ректордың 2026 жылғы 3 сәуірдегі №35-10/146 бұйрығына сәйкес жүргізілді. Тексерудің негізгі мақсаты университет қызметінің ISO 9001:2015 халықаралық стандартының талаптарына, сондай-ақ Еуропалық жоғары білім беру кеңістігіндегі сапаны қамтамасыз ету стандарттары мен нұсқаулықтарына (ESG) сәйкестігін бағалау болды.
Аудитке дайындық жұмыстарын Аккредитация және сапаны басқару департаменті ұйымдастырды. Тексеру жүргізу үшін аудит бағдарламасы, егжей-тегжейлі жоспар-кесте және сауалнама парақтары әзірленіп, ішкі аудит тобы мүшелерінің қатысуымен жұмыс кеңесі өткізілді.
Тексеру кафедралар мен құрылымдық бөлімшелер қызметінің барлық негізгі бағыттарын қамтыды. Аудит барысында сұхбат жүргізу, құжаттамаларды талдау, бақылау, деректерді жинау және бағалау, сондай-ақ ішкі және сыртқы нормативтік талаптарға сәйкестікті зерделеу әдістері қолданылды. Жұмыс объективтілік, ашықтық және тәуелсіздік қағидаттарын сақтай отырып жүргізілді.
Аудит қорытындысы бойынша университеттің ішкі сапа менеджменті жүйесінің тұрақты жұмыс істейтіні және ұйымдастырушылық дайындық деңгейінің жоғары екені анықталды. Әкімшілендіру мен жоспарлаудан бастап құжаттаманы жүргізу және тиімділікті бағалауға дейінгі негізгі процестер белгіленген талаптарға сәйкес іске асырылып, қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген.
Сапа менеджменті жүйесінің тұрақтылығына әсер етуі мүмкін елеулі сәйкессіздіктер анықталған жоқ. Сонымен қатар, аудит тобы мүшелері жекелеген процестерді одан әрі жетілдіру бойынша ұсынымдар берді. Бөлімшелер үшін түзету іс-шараларын дайындау және іске асыру мерзімдері белгіленді.
Тексеру қорытындысы бойынша процестерді цифрландыруды дамытуға, ақпараттық жүйелерді интеграциялауға және құрылымдық бөлімшелер қызметін бағалау нәтижелілігін арттыруға ерекше назар аудару ұсынылды.
Жүргізілген аудит ішкі сапаны қамтамасыз ету жүйесін нығайтудың маңызды кезеңі болып, Университеттің халықаралық талаптар мен заманауи білім беру тәжірибелеріне сәйкес одан әрі дамуға дайындығын растады.