Астана медицина университетінің А.Б.Әубәкіров атындағы адам анатомиясы кафедрасында топографиялық анатомия және хирургиялық техника негіздері бойынша жазғы мектеп өз жұмысын сәтті аяқтады. Он күн бойы студенттер анатомия бойынша білімдерін тереңдетіп қана қоймай, болашақ хирургтің кәсіби қызметіне қажетті практикалық дағдыларды меңгерді.
Оқытуды медицина ғылымдарының кандидаттары, доценттер Назым Айтенова мен Ләззат Рахимова жүргізді. Жазғы мектепке 1 және 3 курс студенттері – Асқар Асылай мен Мұса Ботакөз қатысты.
Жазғы мектеп бағдарламасы анатомиялық аймақтардың қабаттық құрылысын, қан тамырларының, жүйкелер мен ағзалардың орналасу ерекшеліктерін зерделеуге, сондай-ақ хирургиялық техниканың негізгі қағидаларын меңгеруге бағытталды. Практикалық дайындыққа ерекше көңіл бөлінді: хирургиялық құралдармен жұмыс жасау, хирургиялық түйіндерді байлау және хирургиялық тігістерді салу әдістері үйретілді.
Әрбір сабақ теория мен тәжірибені ұштастыра отырып өткізілді. Студенттер анатомиялық нысаналарды толықтай зерттеп, тәжірибелік дағдыларын жетілдірді, сондай-ақ тіндердің ерекшеліктері мен клиникалық жағдайларға сәйкес тігіс материалын таңдау қағидаларымен танысты.
Оқу соңында қатысушылар негізгі хирургиялық манипуляцияларды, тіндермен және хирургиялық құралдармен жұмыс істеу дағдыларын сенімді меңгергендерін көрсетіп, хирургиялық түйіндер мен тігістердің негізгі түрлерін өз бетінше орындау қабілеттерін дәлелдеді.
Жазғы мектеп білім алушылардың кәсіби дамуына зор үлес қосып, болашақ дәрігерлерге алғашқы практикалық тәжірибе жинақтауға және клиникалық пәндерді меңгеруге тағы бір маңызды қадам жасауға мүмкіндік берді. Осындай білім беру бастамалары тәжірибеге бағдарланған оқытуды дамытуға ықпал етіп, студенттердің іргелі теориялық білімдерін болашақ кәсіби қызмет жағдайына барынша жақын ортада тиімді қолдануына жағдай жасайды.