Жүрек ырғағы ғылыми-зерттеу институтында кардиология және аритмология саласындағы ғылыми зерттеулер әдіснамасы бойынша Жазғы ғылыми мектеп өтті

Жүрек ырғағы ғылыми-зерттеу институтында кардиология және аритмология саласындағы ғылыми зерттеулер әдіснамасы бойынша Жазғы ғылыми мектеп өтті

Жүрек ырғағы ғылыми-зерттеу институтында кардиология және аритмология саласындағы ғылыми зерттеулер әдіснамасы бойынша Жазғы ғылыми мектеп өтті

Клиникалық бақылауды ғылыми зерттеуге қалай айналдыруға болады? Сенімді ғылыми деректерді қайдан іздеп, алынған нәтижелерді қалай дұрыс түсіндіруге болады? Осы және өзге де маңызды сұрақтарға жауаптарды 2026 жылғы 1–12 маусым аралығында Жүрек ырғағы ғылыми-зерттеу институтында өткен «Кардиология және аритмология саласындағы ғылыми зерттеулер әдіснамасы» атты Жазғы ғылыми мектептің қатысушысы алды.

Екі апталық білім беру бағдарламасы ғылыми зерттеу жүргізудің заманауи тәсілдерін, дәлелді медицинаның қағидаттарын және академиялық жазу дағдыларын қамтыды. Мектептің негізгі мақсаты – жас маманның сапалы ғылыми зерттеу жүргізуге және халықаралық ғылыми басылымдарға мақала дайындауға қажетті практикалық құзыреттерін қалыптастыру болды.

Бағдарламаның авторы әрі ғылыми жетекшісі – Жүрек ырғағы ғылыми-зерттеу институтының доценті, PhD докторы Акерке Бауыржанқызы Калимбетова. Оның жетекшілігімен «Кардиология» мамандығы бойынша бірінші оқу жылының резиденті Санат Нұргелдіұлы Аскеров ғылыми зерттеудің барлық кезеңдерін – гипотезаны тұжырымдаудан бастап зерттеу дизайнын таңдауға, нәтижелерді талдауға және ғылыми мақаланы әзірлеуге дейін кезең-кезеңімен меңгерді.

Бағдарламаның басты ерекшеліктерінің бірі – оның тәжірибелік бағыттылығы болды. Қатысушы биостатистика, биоэтика және ғылыми әдебиеттерді сыни бағалау негіздерін меңгеріп қана қоймай, өз ғылыми жобалары бойынша жұмыс жүргізді. Сонымен қатар халықаралық клиникалық ұсынымдармен, заманауи ғылыми деректер базаларымен танысып, алған білімдерін нақты клиникалық және ғылыми жағдайлар негізінде қолдануды үйренді.

Оқу қорытындысы бойынша Санат Аскеров ғылыми зерттеулерді жоспарлау мен жүргізудің заманауи тәсілдерін меңгеріп, ғылыми ақпаратты іздеу және талдау дағдыларын қалыптастырды, сондай-ақ ғылыми қызметте де, күнделікті клиникалық тәжірибеде де қолданылатын құнды практикалық тәжірибе жинақтады.

Осындай білім беру бастамалары жас дәрігерлер арасында ғылыми-зерттеу мәдениетін дамытуға ықпал етіп, отандық медицина ғылымының кадрлық әлеуетін нығайтуға негіз болады. Жүрек ырғағы ғылыми-зерттеу институтында өткен Жазғы ғылыми мектеп заманауи кардиология жетістіктерін тәжірибеде қолданумен қатар, болашақ денсаулық сақтау жүйесі үшін жаңа ғылыми білім қалыптастыра алатын мамандарды даярлау жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды.

Тізімге оралу
© 2022, Астана медицина университеті
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 49а
тел.: +7 (7172) 53 94 47; +7 700 153 94 47
Яндекс.Метрика