Астана медицина университетінің № 1 акушерия және гинекология кафедрасында университеттегі қысқы және жазғы мектептерді ұйымдастыру туралы ережеге сәйкес ұйымдастырылған «Оперативті акушерия және гинекология. Репродуктология» Жазғы мектебі өз жұмысын аяқтады.
Бағдарлама 2026 жылдың 1-12 маусымы аралығында өтті және білім алушылардың негізгі білім беру бағдарламаларының көлемінен тыс кәсіби сала бойынша білімдерін кеңейту мен тереңдетуге бағытталды. Сабақтар клиникалық базаларда - № 3 Көпбейінді қалалық аурухананың акушерлік блогында және IRM Clinic орталығында жүргізілді.
Жазғы мектепке қазіргі заманғы медицинаның ең сұранысқа ие бағыттарының біріне қызығушылық танытқан студенттер: Жанель Жангабулова, Милана Газдиева, Виктория Барышникова және Ақжарқын Батырбай қатысты. Кафедра ассистенттері Эльмира Жұмабаева, Татьяна Власенко және Әйгерім Оспанованың жетекшілігімен тыңдаушылар үшін теориялық және практикалық сабақтар ұйымдастырылды.
Тәжірибелік дайындыққа ерекше көңіл бөлінді. Студенттер кәсіби дағдыларын симуляциялық манекендерде жетілдіріп, клиникалық талқылауларға қатысты, акушерлік стационар жұмысының ұйымдастырылуымен танысты, сондай-ақ акушерлік және гинекологиялық оталарға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Оқытудың мұндай форматы болашақ мамандарға нақты клиникалық процестерді көруге және мамандандырылған медициналық көмек көрсетудің ерекшеліктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Топ құрамының шағын болғанына қарамастан, оқу қарқынды форматта өтті. Бұл әр қатысушыға жеке тұлғалық тұрғыдан келуге және практикалық дағдыларды тереңірек меңгеруге септігін тигізді.
Жазғы мектептің қорытындысы бойынша білім алушылар оперативті акушерия, гинекология және репродуктология саласындағы білімдерін айтарлықтай кеңейтіп, практикалық дайындық деңгейін арттырды және клиникалық базалар жағдайында жұмыс істеудің құнды тәжірибесін жинақтады.
Мұндай білім беру жобаларын өткізу болашақ медицина мамандарын даярлау сапасын арттыруға, олардың кәсіби мотивациясын дамытуға және таңдаған мамандығына деген тұрақты қызығушылығын қалыптастыруға ықпал етеді.