Астана медицина университетінің жазғы мектебінің қатысушылары балалар жұқпалы ауруларына қатысты заманауи тәсілдерді меңгерді

Астана медицина университетінің жазғы мектебінің қатысушылары балалар жұқпалы ауруларына қатысты заманауи тәсілдерді меңгерді

Астана медицина университетінің жазғы мектебінің қатысушылары балалар жұқпалы ауруларына қатысты заманауи тәсілдерді меңгерді

Астана қаласындағы №8 қалалық емхана базасында Астана медицина университетінің №1 отбасылық медицина кафедрасы «Амбулаториялық практикадағы балалардың жұқпалы аурулары» пәні бойынша жазғы мектеп өткізді.

Бағдарлама бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін дәрігерлерге арналды және балалардағы жұқпалы аурулар кезінде сапалы медициналық көмек көрсетуге қажетті білім мен практикалық дағдыларды жетілдіруге бағытталды.

Оқытуды кафедра ассистенті Жаннұр Мадрахимова жүргізді. Курс барысында тыңдаушы балалардағы жұқпалы ауруларды диагностикалау, емдеу және алдын алудың қолданыстағы ұлттық және халықаралық клиникалық ұсынымдарға негізделген заманауи тәсілдерімен танысты.

Амбулаториялық практиканың өзекті мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, вакцинопрофилактика, респираторлық және ішек инфекциялары, паразиттік аурулар, вирустық экзантемалар, сондай-ақ бактерияға қарсы препараттарды ұтымды қолдану мәселелері қарастырылды. Бүгінде жаһандық денсаулық сақтау саласының маңызды міндеттерінің бірі болып саналатын микробқа қарсы төзімділік проблемалары да жеке бөлім ретінде талқыланды.

Бағдарламаның практикалық бөлігі жазғы мектептің қатысушысы – Семей қаласынан келген жалпы практика дәрігері Ұлжан Рахымбаеваға пациенттердің жағдайын клиникалық бағалау, зертханалық зерттеулер нәтижелерін интерпретациялау және бастапқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде заманауи клиникалық хаттамаларды қолдану дағдыларын тереңдетуге мүмкіндік берді.

Ұйымдастырушының айтуынша, мұндай білім беру жобалары медицина қызметкерлерінің кәсіби дамуына ғана емес, сонымен қатар балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға да ықпал етеді. Алынған білім мен практикалық тәжірибе маманға жұқпалы ауруларды ерте кезеңде тиімді анықтауға, профилактикалық жұмыстарды жүргізуге және кішкентай пациенттерге уақтылы ем көрсетуге көмектеседі.

Астана медицина университетінің Жазғы мектептері тәжірибе алмасудың, заманауи медициналық білімді енгізудің және практикалық денсаулық сақтау мамандарының кәсіби құзыреттерін дамытудың тиімді алаңы болып қала береді.

Тізімге оралу
© 2022, Астана медицина университеті
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 49а
тел.: +7 (7172) 53 94 47; +7 700 153 94 47
Яндекс.Метрика