26–27 маусым күндері Астана медицина университетінің базасында «Ревматикалық ауруларды басқарудағы заманауи үрдістері» атты халықаралық қатысумен өткен X Жазғы ревматологтар мектебі ұйымдастырылды. Биыл мерейлі оныншы рет өткен Жазғы ревматологтар мектебі ревматология саласындағы өзекті ғылыми жетістіктерді талқылауға, клиникалық тәжірибе алмасуға және заманауи емдеу тәсілдерін зерделеуге мүмкіндік берген беделді кәсіби алаң болды.
Мектеп жұмысына Қазақстанның жетекші ревматологтары, медициналық жоғары оқу орындарының профессорлары, тәжірибелі дәрігерлер, жас ғалымдар мен шетелдік сарапшылар қатысты. Іс-шараның құрметті қонағы, Мәскеу қаласынан келген профессор Галина Лукина ревматикалық аурулары бар пациенттерді жүргізудің халықаралық тәжірибесіне негізделген заманауи тәсілдерімен бөлісті.
Ғылыми бағдарламада иммундық-қабыну ревматикалық ауруларын анықтау, емдеу және алдын алу бағытындағы өзекті мәселелер кеңінен қарастырылды. Қатысушылар дербестендірілген емдеу тәсілдеріне, иммуногенетикаға, коморбидті жағдайларға, заманауи клиникалық ұсынымдарды тәжірибеге енгізуге және түрлі бейіндегі мамандар арасындағы пәнаралық ықпалдастықты дамытуға ерекше назар аударды.
Ғылыми бағдарламаның негізгі тақырыптарының бірі иммундық-қабыну сипатындағы ревматикалық аурулар кезіндегі өкпенің зақымдануы және инфекциялық асқынулардың иммуногенетикалық болжамдық факторларын зерттеудің жаңа бағыттары болды. Сарапшылар соңғы ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен бөлісіп, күрделі клиникалық жағдайларды талқылады, сондай-ақ пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің тиімділігін арттыру жолдарын қарастырды.
Жазғы мектеп жұмысының қорытындысы бойынша қатысушылар ревматикалық ауруларды ерте анықтау жүйесін жетілдіру, дербестендірілген медицинаны дамыту, диагностика мен емдеудің заманауи әдістерін енгізу, пациенттердің ұлттық тіркелімдерін кеңейту, ғылыми зерттеулерді қолдау және халықаралық кәсіби ынтымақтастықты нығайту бағытындағы жұмысты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
Қабылданған қарарда ревматологиялық қызметті одан әрі дамытудың негізгі басым бағыттары ретінде дәрігерлер мен жас ғалымдарды даярлау жүйесін жетілдіру, ревматология саласында цифрлық технологияларды дамыту, ғылыми ынтымақтастықты кеңейту және пәнаралық өзара іс-қимылды нығайту белгіленді.
Іс-шараны ұйымдастырушылар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне, Астана медицина университетіне, Астана қаласының Тәуелсіз ревматологтар қоғамына, отандық және шетелдік сарапшыларға, ұйымдастыру комитетінің мүшелері мен барлық қатысушыларға іс-шараның жоғары ғылыми деңгейде өтуіне, мазмұнды кәсіби пікір алмасуға және заманауи ревматологияның дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.