Ш.И.Сарбасова атындағы микробиология және вирусология кафедрасында Қазақстан медицина студенттері қауымдастығының (KazMSA) Халықаралық медицина студенттері қауымдастығының SCOPE халықаралық кәсіби алмасу бағдарламасы және академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында білім алған шетелдік студенттердің академиялық тағылымдамасы сәтті аяқталды.
Бағдарламаға Түркия мен Тайвань медициналық жоғары оқу орындарының студенттері Zeynep Bozkus және Pin-Yu Yeh қатысты. Жазғы семестрдегі оқу үдерісін кафедра профессоры Гүлжан Әсемова және медицина магистрі, аға оқытушы Мадина Ботбаева жүргізді.
Қатысушылар үшін микробиология мен вирусологияның негізгі бөлімдерін қамтитын арнайы тақырыптық оқу жоспары әзірленді. Бағдарламаға бактериялардың морфологиясы мен физиологиясы, инфекциялық үдеріс пен иммунитет, бактериялық және вирустық респираторлық инфекциялар, ішек инфекциялары, зооноздар және анаэробты инфекциялар бойынша дәрістер мен тәжірибелік сабақтар енгізілді.
Бағдарлама барысында практикалық дайындыққа ерекше көңіл бөлінді. Студенттер микробиологиялық зерттеулердің заманауи әдістерін меңгеріп, микроскоппен жұмыс істеуді, қоректік орталарға микроорганизмдерді себу техникасын, сондай-ақ микроорганизмдердің бактерияға қарсы препараттарға сезімталдығын анықтау қағидаларын үйренді.
Білім беру бағдарламасының маңызды бөлігі ретінде №1 Көпбейінді қалалық аурухананың бактериологиялық зертханасына таныстыру экскурсиясы ұйымдастырылды. Болашақ дәрігерлер зертхананың жұмысымен, патогенді бактерияларды өсіру үдерісімен және VITEK автоматтандырылған жүйесі арқылы микроорганизмдерді сәйкестендірудің заманауи әдістерімен танысты. Заманауи зертханалық диагностика технологиялары бойынша мазмұнды дәріс оқып, тәжірибелік көрсетілім ұйымдастырғаны үшін кафедра ұжымы бактериолог дәрігер, биология ғылымдарының кандидаты Салия Бисимбаеваға алғысын білдіреді.
Оқу барысында интерактивті оқыту әдістері мен командалық жұмыс кеңінен қолданылып, бұл қатысушылардың кәсіби және коммуникативтік құзыреттерін дамытуға, сондай-ақ қолайлы халықаралық білім беру ортасын қалыптастыруға ықпал етті.
Бағдарлама соңында студенттер оқу үдерісінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, оқытушылардың кәсібилігін, қонақжайлылық пен жылы қабылдауды ерекше атап өтті. Қатысушылар халықаралық алмасу бағдарламасы аясында құнды академиялық және практикалық тәжірибе жинақтауға мүмкіндік бергені үшін Қазақстан Республикасына, Астана медицина университетіне және Ш.И. Сарбасова атындағы микробиология және вирусология кафедрасына шынайы алғыстарын білдірді.