Алғашқы тәжірибеден – үлкен ғылымға: Астана медицина университетінде Жазғы мектеп – 2026 өз жұмысын қорытындылады

Алғашқы тәжірибеден – үлкен ғылымға: Астана медицина университетінде Жазғы мектеп – 2026 өз жұмысын қорытындылады

Алғашқы тәжірибеден – үлкен ғылымға: Астана медицина университетінде Жазғы мектеп – 2026 өз жұмысын қорытындылады

Астана медицина университетінде Жалпы және биологиялық химия кафедрасының Жазғы мектеп – 2026 білім беру жобасы өз жұмысын сәтті аяқтады. Бұл жоба мектеп оқушылары мен студенттерді заманауи медициналық ғылыммен таныстыратын дәстүрлі білім беру алаңына айналды. Жыл сайын бағдарлама ғылымның соңғы жетістіктерін, университеттің білім беру мүмкіндіктерін және қатысушылардың қызығушылықтарын ескере отырып жаңартылып, кәсіби бағдар беру, тәжірибелік оқыту және ғылыми-зерттеу қызметін ұштастырады.

Жазғы мектеп – 2026 жобасының авторлары әрі ұйымдастырушылары – Жалпы және биологиялық химия кафедрасының аға оқытушылары Бақыт Игенбаева, Сания Дүсекеева және Пернегүл Күжатова.

Жазғы мектепке Астана қаласындағы жетекші мектептердің оқушылары мен түлектері, медициналық колледж студенттері және Астана медицина университетінің білім алушылары қатысты. Жоба кафедраның РФММ, БИЛ, NIS, NURORDA School және Astana Garden School білім беру ұйымдарымен қалыптасқан көпжылдық ынтымақтастығы аясында жүзеге асырылып келеді. Бұл серіктестік болашақ медицина мамандарының кәсіби бағдарын ерте кезеңнен қалыптастыруға және медициналық ғылымды кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.

Биылғы бағдарлама төрт білім беру бағытын қамтыды: «Аналитик–Smart», «In vivo / In vitro эксперимент жүргізу әдістемесі», «Озық оқыту технологиялары арқылы биохимияны меңгеру» және «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының аккредиттелген зертханасындағы заманауи аспаптық талдау әдістері». Сабақтар кафедраның оқу зертханаларында, университеттің виварийінде және Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының токсикология зертханасында өткізілді. Қатысушылар ғылыми зерттеудің толық циклін – тәжірибені жоспарлаудан бастап алынған нәтижелерді талдауға дейінгі барлық кезеңді тәжірибе жүзінде меңгерді.

Жазғы мектептің салтанатты ашылуы «Ғылым күні» ұранымен өтті. Университеттің Ғылымды дамыту департаментінің бас маманы Динара Өтепова «Медицинадағы ғылым» тақырыбында ашық дәріс оқып, қатысушыларды медициналық ғылымның заманауи бағыттарымен, университеттің ғылыми жобаларымен, халықаралық ғылыми көрсеткіштерімен және жас зерттеушілерге арналған мүмкіндіктермен таныстырды.

Бағдарламаның алғашқы күні университет кітапханасына, Симуляциялық орталыққа және Астана медицина университетінің музейіне экскурсия ұйымдастырылды. Симуляциялық орталықта қатысушылар медициналық кадрларды даярлаудың заманауи технологияларымен танысып, клиникалық жағдайларды модельдеуге қатысып, шұғыл көмек көрсету мен жүрек-өкпе реанимациясының негізгі дағдыларын меңгерді. Ал музейге жасалған экскурсия барысында университеттің және Қазақстандағы медициналық білім беру жүйесінің қалыптасу тарихымен танысты.

Қатысушылардың ерекше қызығушылығын «In vivo / In vitro эксперимент жүргізу әдістемесі» курсы тудырды. Курсты аға оқытушы Сания Дүсекеева жүргізсе, бағдарламаның үйлестірушілері студенттер Жанна Ғабитова, Бақдәулет Мұсылман және Рамазан Тыныс болды. Бірнеше күн ішінде қатысушылар эксперименттік дизайн негіздерін, in vitro және in vivo зерттеулердің ерекшеліктерін, биоэтика қағидаларын меңгеріп, зертханалық жұмыстар орындады, биохимиялық көрсеткіштерді анықтады, статистикалық өңдеу жүргізіп, өздерінің шағын ғылыми жобаларын қорғады. Курстың басты ерекшелігі – тыңдаушылардың барлық зерттеу жұмыстарын өз бетінше орындап, заманауи зертханалық құрал-жабдықтармен жұмыс істеуі болды.

Жазғы мектептің маңызды кезеңдерінің бірі Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының аккредиттелген токсикология зертханасында өткен тәжірибелік сабақтар болды. Бақыт Игенбаева, Назым Омарғалиева, Саламат Жаникулова және үйлестіруші Тойгүл Тоқтарбайдың жетекшілігімен қатысушылар балалар ойыншықтарының қауіпсіздігін экспресс-биотестілеу әдісі арқылы уыттылық индексін анықтау негізінде зерттеді. Зерттеу нәтижелері ғылыми мақала ретінде жариялауға дайындалуда. Бұл жас зерттеушілер үшін алғашқы ғылыми жарияланымға бастар маңызды қадам болды.

Тәжірибеге бағытталған оқыту «Аналитик–Smart» курсы аясында жалғасты. Курстың жетекшісі Бақыт Игенбаева, ал үйлестірушісі «Фармация» білім беру бағдарламасының үшінші курс студенті Айнура Нәжімутдинова болды. Қатысушылар аналитикалық химияның негіздерін меңгеріп, зертханалық құралдармен жұмыс істеу дағдыларын жетілдірсе, студент-тәлімгер алғашқы оқытушылық және ұйымдастырушылық тәжірибесін жинақтады.

Жазғы мектептің тағы бір ерекшелігі – «тең-теңіне үйретеді» қағидатына негізделген тәлімгерлік жүйесі. Университеттің үздік студенттері бағдарлама барысында қатысушыларға бағыт-бағдар беріп, олардың тәжірибелік дағдыларын қалыптастыруға көмектесті. Сонымен қатар өздерінің көшбасшылық, педагогикалық және ғылыми-зерттеу құзыреттерін дамытуға мүмкіндік алды.

Жазғы мектептің қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға сертификаттар, ал студент-үйлестірушілерге алғыс хаттар табысталды. Алайда жобаның ең басты нәтижесі – қатысушылардың ғылыми ізденіске алғашқы қадам жасап, зерттеушілік ойлау қабілетін дамытып, қазіргі заманғы медицинаның ғылымсыз мүмкін еместігін терең түсінуі болды.

Жалпы және биологиялық химия кафедрасының Жазғы мектебі іргелі білімді, тәжірибелік даярлықты, тәлімгерлікті және нақты ғылыми-зерттеу қызметін үйлестіретін білім беру моделінің тиімділігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Осындай жобалар болашақ дәрігерлерге, фармацевтерге және зерттеушілерге үлкен ғылыми жаңалықтарға бастар алғашқы сенімді қадам жасауға мүмкіндік береді.

Тізімге оралу
© 2022, Астана медицина университеті
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 49а
тел.: +7 (7172) 53 94 47; +7 700 153 94 47
Яндекс.Метрика