Астана медицина университетінде резидентура түлектеріне дәрігер-маман куәліктерін тапсырудың салтанатты рәсімі өтті. Жүздеген жас дәрігер үшін бұл күн кәсіби қалыптасудың ең жауапты кезеңдерінің бірінің аяқталып, дербес дәрігерлік қызметке қадам басқан айтулы сәтіне айналды.
Салтанатты жағдайда түлектерге резидентураны сәтті аяқтағанын және өз бетінше кәсіби қызметпен айналысуға құқық беретін дәрігер-маман куәліктері табысталды. Жуырда олар еліміздің медициналық ұйымдарында еңбек жолын бастап, алған білімдері мен тәжірибелерін іс жүзінде қолданып, пациенттерге білікті медициналық көмек көрсететін болады.
Биыл қорытынды мемлекеттік аттестаттаудан резидентураның 36 білім беру бағдарламасының түлектері өтті. Аттестаттау қорытындысы бойынша 617 жас маман шекті деңгейден сәтті өтіп, жалпы көрсеткіш 98,72%-ды құрады. Бұл нәтижелер университетте дәрігер кадрларын даярлау сапасының жоғары деңгейде екенін және білім беру үдерісінің тиімділігін айқын көрсетеді.
Оқу жылдары ішінде болашақ дәрігерлер заманауи диагностика мен емдеу әдістерін меңгеріп, мол клиникалық тәжірибе жинақтады, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесінде табысты еңбек етуге қажетті кәсіби құзыреттерді игерді. Енді олардың алдында жаңа белес – пациенттердің саулығына қызмет ету, кәсіби біліктілігін үздіксіз жетілдіру және дәрігерлік шеберлігін шыңдау міндеті тұр.
Астана медицина университеті резидентураны табысты аяқтаған түлектерді шын жүректен құттықтап, әрқайсысына кәсіби жолында сенімділік, толайым табыс, үздіксіз даму, жаңа жетістіктер және еңбектерінің жемісін көретін ризашылыққа толы пациенттер тілейді.