2026 жылғы 15 қыркүйекте Астана медицина университетінің Сарыарқа көшесі, 33 мекенжайындағы оқу корпусында Университет қызметкерлері мен білім алушылардың ғимараттан жарылғыш құрылғыға ұқсас күдікті зат табылған кездегі іс-қимылдарын пысықтау мақсатында жоспарлы тактикалық-арнайы антитеррористік оқу-жаттығу өткізілді.
Оқу-жаттығуға Университетпен бірлесіп, Астана қаласы Полиция департаментінің күзет қызметін бақылау бөлімінің қызметкерлері, оның ішінде арнайы дайындықтан өткен қызметтік иті бар кинолог қатысты.
Адамдарды ғимараттан жедел әрі ұйымдасқан түрде эвакуациялау үшін дыбыстық хабарлау жүйесі бар күзет дабылы іске қосылды. Жауапты қызметкерлердің үйлесімді әрекетінің арқасында Университет қызметкерлері мен білім алушылар қауіпсіз аймаққа ұйымдасқан түрде, дүрбелеңге жол бермей шығарылды.
Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша Полиция департаментінің өкілдері әкімшілік, профессорлық-оқытушылық құрам және барлық қатысушылардың іс-қимылдарының ұйымдасқан әрі үйлесімді болғанын атап өтті.
Мұндай оқу-жаттығулар төтенше жағдайларға дайындық деңгейін тексеріп қана қоймай, нақты қауіп туындаған жағдайда шешуші маңызға ие болуы мүмкін қажетті дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қауіпсіздік дұрыс әрекет етуге дайындықтан басталады.