2026 жылғы 28 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Астана медицина университетінде Visiting Professor бағдарламасы аясында мейіргер ісі ғылымы, пациенттердің қауіпсіздігі және ғылыми зерттеулер әдіснамасы саласындағы халықаралық сарапшы Мойтаба Вайсморади (Mojtaba Vaismoradi) жұмыс істеді. Ол Норвегияның Nord University университетінің Мейіргер ісі және денсаулық ғылымдары факультетінің өкілі, сондай-ақ Австралияның Charles Sturt University университетінің зерттеуші-доценті болып табылады. Профессордың сапарын Мейіргер ісі мектебі Мейіргер ісі кафедрасымен бірлесіп ұйымдастырды.
Профессор Вайсморади Journal of Advanced Nursing, International Journal of Nursing Studies және International Nursing Review сияқты жетекші халықаралық ғылыми басылымдарда жарық көрген көптеген ғылыми жарияланымдардың авторы және бірлескен авторы.
Оның ғылыми қызығушылықтары медициналық қателіктердің алдын алу, мейіргерлік көмектің сапасын арттыру, дәрілік терапияны басқару және клиникалық тәжірибеге дәлелді тәсілдерді енгізу мәселелерін қамтиды. Ол пациенттер мен медицина қызметкерлерінің тәжірибесін, сондай-ақ медициналық көмектің қауіпсіздігіне әсер ететін факторларды тереңірек зерттеуге мүмкіндік беретін сапалық зерттеу әдістеріне ерекше назар аударады.
Профессор Мойтаба Вайсморади оқытушылар мен білім алушыларға арнап «Qualitative Research Methodology: Approaches, Data Collection, and Analysis with a Focus on Qualitative Content Analysis and Thematic Analysis» тақырыбында бес күндік білім беру семинарын өткізді. Қатысушылар ғылыми деректерді жинау мен талдаудың заманауи әдістерімен, контент-талдау мен тақырыптық талдаудың ерекшеліктерімен, сондай-ақ зерттеу нәтижелерін түсіндіру және ұсыну қағидаларымен танысты.
Профессордың сапары Қазақстанмен қалыптасқан ғылыми ынтымақтастықтың жалғасы болды. 2025 жылы International Nursing Review журналында профессор Вайсморади мен қазақстандық зерттеушілердің еліміздің медициналық ұйымдарындағы мейіргерлік тәжірибеде пациенттер қауіпсіздігі мәдениетін бағалауға арналған бірлескен ғылыми мақаласы жарияланды.
Халықаралық ғылыми байланыстарды дамыту және озық зерттеу тәжірибесімен алмасу қазақстандық мамандар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, мейіргер ісі ғылымының әлеуетін нығайтуға және денсаулық сақтау жүйесіне заманауи тәсілдерді енгізуге ықпал етеді.