14 қазанда Мәскеу қаласында профессор Алексей Вячеславович Гераськиннің рухына арналған «Балалар хирургиясындағы аз инвазивті технологиялар. Теориядан тәжірибеге» атты XV Бүкілресейлік студенттік форум өтті. Іс-шара заманауи балалар хирургиясын дамытуға және эндоскопиялық емдеу әдістерін меңгеруге қызығушылық танытқан студенттердің басын қосты.
Кәсіби ортадағы беделді іс-шарада Төрегелді Шарманов атындағы Ұлттық медицина университетінің «Балалар хирургиясы» студенттік ғылыми үйірмесінің өкілдері жоғары нәтиже көрсетті. Педиатрия мектебінің 5-курс студенттері Назгүл Жанатқызы Иманова мен Жібек Дуанбекқызы Тұрғын жүлделі екінші орынға ие болды.
Бұл жетістік студенттердің теориялық және практикалық тұрғыдан тыңғылықты дайындықтарының, командалық жұмыстың үйлесімділігінің және болашақ дәрігерлердің балалар хирургиясындағы заманауи технологияларды меңгеруге деген қызығушылығының нәтижесі болды.
Студенттерді дайындауда тәлімгерлерінің еңбегі ерекше. Олардың ғылыми жетекшісі – медицина ғылымдарының докторы Дамир Булатович Дженалаев, Балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі Медет Куширбаевич Хамитов және Педиатрия мектебінің деканы Әсем Рахматуллаевна Шакеева.
Білім алушыларымыз бен олардың тәлімгерлерін шын жүректен құттықтаймыз! Жаңа жетістіктерге жетіп, биік белестерді бағындыруға және алға қойған мақсаттарыңызға нық қадам басуға тілектеспіз!