Екі ел, екі халықаралық олимпиада және екі жүлделі орын! «Акушерлік және гинекология» бейіндік интернатурасының 6-курс, 607-топ студенттері Дана Айдарбек пен Виктория Айрих халықаралық аренада жоғары нәтиже көрсетіп, олимпиадаларда I және II орындарды иеленді.
Бұл жетістіктерге интерндер № 1 акушерлік және гинекология кафедрасының меңгерушісі Зайтуна Ғадилқызы Хамидуллинаның және қауымдастырылған профессор Айгүл Жексенбайқызы Мырзабекованың жетекшілігімен қол жеткізді.
Дана Айдарбек – «Репродуктивті денсаулық» секциясының күміс жүлдегері. Ташкент қаласында өткен «Медицина виртуоздары – 2026» медициналық олимпиадасына әртүрлі елдерден 28 команда қатысып, Дана таңдаған секциясы бойынша II орынды иеленді. Халықаралық байқау болашақ мамандығы бойынша білімін көрсетуге және университет намысын лайықты қорғауға мүмкіндік берді.
Виктория Айрих – хирургиялық байқаудың жеңімпазы. Беларусь Республикасындағы Гродно мемлекеттік медицина университетінде өткен халықаралық олимпиадада Виктория «Тамыршалы конъюнктивалық лоскут» байқауы бойынша I орынға ие болды. Ол 16 студентті біріктірген «Veritas» командасының құрамында өнер көрсетті. Беларусь, Қазақстан және Ресей елдерінің өкілдері білімді, дәлдікті және практикалық шеберлікті талап ететін 20-дан астам байқауда бақ сынады.
Бұл жүлделі орындардың артында тыңғылықты дайындық, тәлімгерлердің қолдауы және болашақ дәрігерлердің интернатура кезеңінен бастап кәсіби биіктерге ұмтылысы тұр.
Дана мен Виктория студенттік өмірге де белсенді араласып, KazMSA және Veritas ұйымдарында жауапты қызметтер атқарады, жастар бастамаларын дамытуға үлес қосып келеді. Олардың жетістіктері университет ректорының алғыс хаттарымен де атап өтілген.
Жүлдегерлеріміз бен олардың жетекшілерін шын жүректен құттықтаймыз! Халықаралық деңгейдегі мұндай жетістіктер мен мойындау – бүкіл университет ұжымы үшін зор мақтаныш!