Дүниежүзілік бейбітшілік пен даму жолындағы ғылым күніне орай Т. Шарманов атындағы Ұлттық медицина университеті BINOM School, Ф. Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназия және Ілияс Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназияның жоғары сынып оқушыларын қабылдады. «Т. Шарманов атындағы ҰМУ студенті атан!» іс-шарасын Эпидемиология және менеджмент орталығы ұйымдастырды.
Дүниежүзілік бейбітшілік пен даму жолындағы ғылым күні жыл сайын 10 қарашада атап өтіледі. Бұл күн ғылымның күнделікті өмірдегі рөлін танытуға және ғылыми білімді қоғамға, соның ішінде мектеп оқушыларына қолжетімді етуге бағытталған.
Қонақтар үшін Эпидемиология және менеджмент орталығына, симуляциялық орталыққа, университет мұражайы мен кітапханасына экскурсиялар ұйымдастырылды. Оқушылар болашақ медицина мамандарының қайда білім алатынын, практикалық дағдыларын қалай жетілдіретінін және зерттеулер жүргізетінін көрді.
Орталық зертханаларында қатысушылар жабдықтармен танысып, қоршаған орта факторларын өз бетінше өлшеп көрді. Ал университеттің коворкинг кеңістігінде олар үшін жасанды интеллект туралы интерактивті дәріс өтті.
Орталық қызметкерлері оқушылардың университетке түспей тұрып-ақ ғылыми жұмысқа қалай қатыса алатынын да түсіндірді. Олар ғылыми үйірмеге қосылып, зерттеу жобалары мен конкурстарға қатыса алады, сондай-ақ жазғы және қысқы мектептерде білім ала алады.