Бүгін, 24 тамызда, Елордада алтыншы рет Азия - Мұхит радиологтары мектебінің жастар клубында (АОSOR Youth Club 2022 Kazakhstan) радиологтарды оқыту басталды.
Іс-шара Азия-Мұхит радиологтар мектебінің бастамасымен және "University Medical Center" корпоративтік қоры негізіндегі қазақстандық радиологиялық қоғамның қолдауымен ұйымдастырылды.
Жастар клубы жұмысының мақсаты радиология саласындағы қазақстандық жас көшбасшыларды халықаралық стандарттар бойынша даярлау болып табылады.
Екі күн бойы Азия-Мұхит радиологтар мектебінің жастар клубының қатысушылары Оңтүстік Корея, Тайвань, Жапония, Тайланд, Сингапур және Қазақстаннан келген радиология саласындағы танымал мамандардың гибридті форматтағы дәрістерін тыңдайтын болады. Сарапшылар қатарында Азия-Мұхит радиологтар қоғамының экс-президенті, Азия-Мұхит радиологтар мектебінің директоры, профессор Yi-Hong Chou, Қазақстан радиологиялық қоғамының президенті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор Раушан Рахымжанова және басқалар бар.
Іс-шараға қатысушылар клуб қызметі Қазақстандағы радиологиялық қызметті дамытуға ықпал етеді деген ортақ пікірге келді.