2022 жылғы 19 қазанда Астана медициналық университетінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адами ресурстар департаментінің Мейіргер ісін дамыту басқармасы, Жоғары Медициналық колледждер, Қазақстан мейіргерлер қауымдастығы және АМУ мейіргер ісі мектебі мен кафедрасының өкілдері қатысуымен мейіргер ісін дамыту мәселелерін, оның ішінде мейіргер ісінің қысқартылған бакалавриат білім беру бағдарламалары бойынша мейіргерлерді қашықтықтан оқыту мүмкіндігін талқылау мақсатында кеңес өтті.
Мейіргер ісі мектебінің деканы «Қазақстан Республикасындағы мейіргерлерді даярлаудағы тұжырымдамалық тәсілдер», «Қашықтықтан оқытуды реттейтін заңнамалық базаны талдау нәтижелері» тақырыптарында баяндамалар жасады.
Мейіргер ісі кафедрасының өкілдері қолданбалы бакалавриат негізінде оқу мерзімі 10 айлық мейіргер ісі мамандығы бойынша бакалавриат қысқартылған білім беру бағдарламасына талдау жасады.
Талқылау «сұрақ» – «жауап» форматында өтті. Сонымен қатар, қатысушылар білім берудің әртүрлі деңгейіндегі мейіргерлерді даярлау сапасына қатысты проблемалық сұрақтарды, клиникалық орындарда тәлімгерлік, қашықтықтан оқыту форматында қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша мейіргерлерді оқытуды жүзеге асырудағы мүмкіндіктер мен тәуекелдерді талқылауға белсенді қатысты.
Талқылау нәтижесінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 137 «Қашықтықтан оқыту бойынша білім беру ұйымдарына қойылатын талаптарды және қашықтықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының талаптарын ескере отырып, қысқартылған академиялық бакалавриат бағдарламалары бойынша мейіргерлерді қашықтықтан оқытуға бағытталған шараларды жоспарлау және іске асыру үшін ұсыныстар мен ұсынымдар әзірленді.