2022 жылдың 12 мен 23 желтоқсан аралығында И.М. Сеченов атындағы Бірінші Мәскеу мемлекеттік медицина университетінің эндокринологиялық клиникасының директоры, профессор, медицина ғылымдарының докторы, Ресей ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Фадеев Валентин Астана медицина университетінің профессорлық-оқытушылық құрамына, «Ересектер және балалар эндокринологиясы» мамандығы бойынша резиденттеріне, магистранттар мен докторанттарына, сонымен қатар Қазақстанның эндокринолог-дәрігерлері үшін «Эндокринологияның өзекті мәселелері, дәрігерлердің дипломнан кейінгі дайындық ерекшеліктері және эндокриндік ауруларды диагностикалау мен емдеудің инновациялық әдістерін енгізу» тақырыбы бойынша дәрістер мен мастер-класс өткізуде.
Ұйымдастырылған дәрістің мақсаты – университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы мен білім алушылардың біліктілігі және кәсіби шеберлігін арттыру, сондай-ақ тәжірибелік және клиникалық эндокринология саласындағы ғылыми деректермен алмасу.
Бүгінгі таңда эндокринология мамандығы бойынша дәрігерлерді дайындау өте өзекті мәселе болып табылады, практикалық денсаулық сақтауда эндокринолог мамандарының тапшылығы байқалады. Оған себеп - эндокриндік жүйенің аурулары халық арасында жиі кездесуі. Қалқанша безінің дисфункциясы, май алмасуы бойынша халықтың 30-40% -дан астамы зардап шегуде. Қант диабеті барған сайын жиі кездесіп жатыр. Ковид-19 сияқты аурудың ең ауыр салдары қант диабетімен ауыратын науқастарда болды. Осыған байланысты эндокринология мамандығы бойынша дәрігерлерді даярлау аса өзекті мәселе болып табылады.
Оқыту барысында профессор дәрістер оқумен қатар, күрделі клиникалық жағдайларға талдау жүргізді. Алдағы уақытта университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен резиденттері үшін И.М. Сеченов атындағы Бірінші Мәскеу мемлекеттік медицина университетінің эндокринологиялық клиникасында тағлымдама ұйымдастыру жоспарлануда.