2023 жылғы 30 мамырда Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында психологиялық қызметті дамыту мәселелері бойынша республикалық форум өтті.
Бұл форум жоғары оқу орындарындағы «Психологиялық қызмет» секторының жұмысын дамытуға (тәжірибе алмасу, психологтардың әлеуетін арттыру және т.б.), психологтардың студенттермен, жастармен жұмыс процесін оңтайландыруға арналды.
Форум бағдарламасына сәйкес тәжірибе алмасу мақсатында мұғалімдер мен студенттер арасында эмпатия, мақсат қоя білу, шешім қабылдай білу дағдыларын дамытуға бағытталған тренинг өткізілді. Тренингтің тренері Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы қаласы бойынша филиалының доценті Құсайынова Мәншүк Асқарқызы болды.Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің психологтары студенттердің өзіндік жеке жұмысына арналған «Шабыттан» психологиялық дәптерін таныстырып, сонымен қатар университеттегі коворкингті жобалау бойынша тәжірибелерімен бөлісті.
Сонымен қатар, жоғары оқу орындарының психологтары үлкен ұжымда және қайталанатын стрестік жағдайларда студенттермен және оқытушылармен олардың психологиялық денсаулығына бағытталған жеке және топтық жұмысты оңтайлы ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ нәтижелерді құжаттау бойынша, сеанстардың хаттамалары түріндегі жұмыстарды жүргізу, құпиялылықты сақтауды ескере отырып, психологиялық жұмыс нәтижелері бойынша картотека құру сияқты ең өзекті мәселелерді талқылады.
Кездесу нәтижесінде қатысушыларға «Психологиялық құндылықтарды дамыту және интеграциялау перспективалары» тақырыбындағы семинар- тренингке қатысқаны туралы сертификат берілді.