Астана медицина университетінің басшылығы мен студенттерінің ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығымен кездесуі
Астана медицина университетінің басшылығы мен студенттерінің ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығымен кездесуі

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Қонысұлы Бүркітбаев Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан қабылданып жатқан білім беру сапасын жақсарту жөніндегі жүйелі шаралар туралы айтты. Сондай-ақ, вице-министр университеттік клиникалардың құрылысы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры Дәулет Қадырұлы студенттерге білім беру саласындағы халықаралық тәжірибе, білім беру бағдарламаларының жаңа стандарты және олардың артықшылығы туралы айтты.
Шақырылған делегация студенттердің сабақтарына қатысып, оқу және практикалық сабақтарды өткізу үдерісімен тікелей танысты.
Өз сөзінде ректор Камалжан Надыров университеттің тарихы бай екенін, келесі жылы университетке 60 жыл толатынын атап өтті. Жетістіктермен қатар, өкінішке орай, көптеген жылдар бойы шешілмеген бірқатар мәселелер бар. Атап айтқанда, университеттің оқу ғимараттары мен жатақханалардың тозығы жеткен. Жағдайды жақсарту мақсатында ЖОО-ның материалдық-техникалық базасын жаңғыртудың кешенді жоспары әзірленді. Мәселен, 2024 жылы Сарыарқа көшесіндегі оқу корпусын күрделі жөндеу жоспарланған (бұрын ешқашан күрделі жөндеу жүргізілмеген 1989 жылғы ғимарат). Сондай-ақ Жеңіс даңғылындағы жатақханаға (1973 жылғы ғимарат) кезең-кезеңімен жөндеу жүргізіледі. Ағымдағы жылы кітапхананы толық жаңғырту жүргізіледі. Сондай-ақ, 2000 м2 симуляциялық орталықты дамыту бойынша жұмыс жалғасатын болады. Кітапхана қорын дамытуға ерекше көңіл бөлінетін болады. Қазақ тіліндегі ғылыми және оқу әдебиеттерін сатып алу жоспарда бар.
Биылғы жылы университетте жоғары оқу орнының студенттері мен оқытушыларына арналған фитнес орталығы құрылды. Тағы бір спорт залын ашу жоспарда бар. Сонымен қатар, Абай даңғылындағы бұрынғы Рамада Плаза қонақ үйінің ғимаратындағы оқу корпусына жұмыс жүргізілуде. Осылайша, алдағы айларда университеттің негізгі ғимараттары мен үй-жайлары жаңғыртылатын болады.
Ректор жатақханадағы орындардың жетіспеушілігімен байланысты бұрыннан келе жатқан проблеманы шешу жоспарларымен бөлісті. Елорда әкімдігімен үлкен жұмыс жүргізілді. Ағымдағы жылы университетке 3,2 гектар жер бөлінді, онда жақын арада 3000 орындық жатақхана салынады. Қазіргі уақытта құрылыс бойынша әлеуетті серіктесті іріктеу жүргізілуде. Осылайша, жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесі алдағы жылдары шешілетін болады.
Сонымен қатар оқытушылардың жалақысын көтеру мәселелері талқыланды. Ағымдағы жылы ОПҚ-ның жалақысын көтеруге 650 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді. Осылайша, жалақы деңгейі орташа есеппен 20% - ға өсті. Келесі жылы 1 950 млн.теңгеден астам қосымша ақшалай қаражат қарастырылған.
Университет студенттерімен әңгімелесу барысында академиялық саясатқа, Университет ішіндегі өзара іс-қимылға қатысты мәселелер талқыланды. Студенттер өздерін толғандыратын барлық тақырыптарға жауап алды. Кездесуге қатысушылар тұрақты түрде осындай кездесулерді өткізіп отыруға келісті.
Парламент Мәжілісінің депутаттары Олжас Құспеков пен Нұргүл Тау кездесу қорытындысы бойынша медициналық білім берудің жүйелі мәселелерін шешуге қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.