Таяуда Астана медицина университеті мен Қазақстан студенттер альянсы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Аталған меморандум ЖОО студенттерінің зияткерлік, шығармашылық және инновациялық әлеуетін тиімді іске асыруға бағытталған. Құжатта бірлескен конференциялар, семинарлар, мәдени іс-шаралар, сондай-ақ білім беру процесінің сапасын арттыруға байланысты жұмыстарды ұйымдастырып, өткізу қарастырылған. Осы уағдаластықтың аясында АстМУ-де Қазақстан студенттер альянсының (ҚСА) филиалын ашу жоспарлаған.
ҚСА – еліміздегі дарынды жастардың басын біріктірген жаңа қозғалыс. Оның миссиясы Қазақстандағы жас азаматтардың әлеуетін жан-жақты әрі тиімді іске асырып, дамытуды көздейді.
Біздің университетімізде озық ойлы, алғыр жастар жетерлік. Оқу орында олардың бастамалары мен идеяларының жүзеге асырылуына көп көңіл бөлініп келеді. Сол себепті АстМУ басшылығы осы ынтымақтастық жемісті нәтижесін беріп, білім алушыларға тың мүмкіндіктерге жол ашады деп үміттеніп отыр.