Астана медицина университетінде Ғылыми кеңестің кезекті отырысы өтті

Астана медицина университетінде Ғылыми кеңестің кезекті отырысы өтті

Астана медицина университетінде Басқарма төрағасы – Университет ректоры Камалжан Надыровтың басшылығымен Ғылыми кеңестің кезекті отырысы өтті.

Жиын жаңартылған 320 орындық акт залының ашылу салтанатымен басталды. Университет инфрақұрылымын жаңғырту — оқу орнының даму стратегиясының негізгі бағыттарының бірі. Атап өтсек, биыл жалпы ауданы 30 000 м²-ден асатын оқу және әкімшілік ғимараттарында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын.

Сонымен қатар, отырыста Ғылыми кеңестің тыныс алу медицинасы мен жүрек ырғағы ғылыми-зерттеу институттарын ашуды мақұлдауы – тарихи оқиғаға айналды. Ел үшін бірегей мекемелер өкпе және жүрек-қан тамырлары аурулары саласында алдыңғы қатарлы зерттеулер жүргізуге бағытталған. Аталған институттар университеттің ғылыми әлеуетін арттырып қана қоймай, Қазақстандағы медицина ғылымының дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.

Күн тәртібі білім берудегі бірқатар маңызды мәселелерді қамтыды, соның ішінде университеттің жеті мектебінің қызметі мен алдағы оқу жылына арналған жоспарлары талқыланды. Декандар 2023–2024 жж. атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, қабылдау науқанының қорытындылары мен жаңа білім беру бағдарламаларын дамыту жоспарларын ұсынды.

Жиында соңғы жылы әзірленіп, енгізілген сегіз жаңа білім беру бағдарламасы таныстырылды. Университет халықаралық серіктестермен, атап айтқанда, Медиполь университеті (Түркия), Н.И. Пирогов атындағы Ресей ұлттық медициналық зерттеу университеті, Ресей халықтар достығы университеті, Реанимация және реабилитология ғылыми-клиникалық орталығы (Ресей) және Ташкент фармацевтикалық институты (Өзбекстан) сияқты беделді оқу орындарымен бірлескен бағдарламалар құруға ерекше назар аударды.

Студенттердің үлгеріміне және олардың халықаралық олимпиадаларға қатысуына айрықша көңіл бөлінді. Талқылау барысында оқу процесін жетілдіру және бағдарламаларды еңбек нарығының қазіргі талаптарына бейімдеу бойынша нақты ұсыныстар айтылды.

Отырыстың маңызды мәселелерінің бірі — 2024 жылғы қабылдау науқанының қорытындылары болды. Университет студенттерді даярлау сапасын арттыру мақсатында гранттарды квоталау саясатын жалғастыруда. Биыл бакалавриат бағдарламаларына 1598 талапкер қабылданды, олардың 914-і ақылы негізде оқиды. Оқуға түскендердің едәуір бөлігі оңтүстік өңір мен Астана қаласынан болса, білім гранттарына Түркістан облысының студенттері көптеп қабылданды. Ал резидентура бағдарламаларына түсу үшін орташа өту балы өткен жылмен салыстырғанда 3,9 балға артты.

Сонымен қатар, докторантура бағдарламаларына алдын ала іріктеуден өткен үміткерлер санының өткен жылмен салыстырғанда 21%-ке өсуі байқалды, ал түсу емтиханына жолданған өтініштер саны 50%-ке жоғарлады. Бұл университетте ғылыми қызметке деген қызығушылықтың артып, сұраныстың өскенін көрсетеді.

Университет үшін білім беру процесінің жоғары сапасын қамтамасыз ету басты басымдық болып қала береді. Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген міндеттерді орындау мақсатында оқу орны заманауи оқыту әдістерін — симуляциялық тренингтерді, клиникалық ротацияларды және жобалық қызметті белсенді түрде енгізуде. Бұл жаңашылдықтар студенттердің теориялық білімін тереңдетіп қана қоймай, болашақ медицина мамандарына қажетті практикалық дағдыларды қалыптастыруға көмектеседі.

Көтерілген тағы бір маңызды мәселе — қызметкерлердің жалақысын арттыру. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес және университет Басқармасының шешімі бойынша, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап профессорлық-оқытушылық және ғылыми құрамның, сондай-ақ зертханашылардың жалақысына ғылыми дәрежелері мен атақтары үшін қосымша ақы 20%-ке дейін көбейтілді.

Астана медицина университеті білім беру процесін жетілдіру және инфрақұрылымды жаңғырту жолында қарқынды жұмысын жалғастырып, жоғары сапа стандарттарына сай, Қазақстанның денсаулық сақтау саласын дамытуға елеулі үлес қоса алатын білікті мамандарды даярлауға күш салуда.

Тізімге оралу
© 2022, Астана медицина университеті
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 49а
тел.: +7 (7172) 53 94 47; +7 700 153 94 47
Яндекс.Метрика