ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ МЕДИЦИНАНЫ ЖАУЛАП АЛУДА: АСТАНАДА БОЛАШАҚТЫҢ БІЛІМІ ҚАНДАЙ БОЛАТЫНЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ МЕДИЦИНАНЫ ЖАУЛАП АЛУДА: АСТАНАДА БОЛАШАҚТЫҢ БІЛІМІ ҚАНДАЙ БОЛАТЫНЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

«Astana Medical Forum 2024» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы аясында денсаулық сақтау, ғылым және жоғары білім саласындағы сарапшылар медициналық білім берудің өзекті мәселелері мен перспективаларын талқылау үшін бас қосты.

 

2024 жылғы 14 қазан күні Астанада «21 ғасырдағы білім мен ғылымды дамытудың жаңа көкжиектері» атты пленарлық сессия өтті. Аталмыш сессия Астана медицина университетінің қабырғасында ұйымдастырылып, білім ордасының 60 жылдық мерейтойына орайластырылды.

Іс-шара медицина, ғылым және білім саласындағы жетекші ғалымдар мен сарапшыларды біріктіріп, ғылыми-білім беру процестерін дамыту стратегияларын және жаңа инновацияларды медициналық білімге енгізу жолдарын талқылады.

Сессия модераторы — «Денсаулық сақтау саясаты және менеджменті» кафедрасының профессоры, С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, «Республикалық медициналық палата» ҚБ Басқарма төрағасы Мақсұт Құлжанов болды.

Пленарлық отырысқа Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки, C.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Басқарма төрағасы – Ректоры Марат Шоранов, Coventry University Kazakhstan президенті Мирас Дәуленов, Назарбаев Университетінің медицина вице-президенті – медицина мектебінің деканы Массимо Пиньателли, сондай-ақ «Астана медицина университеті» КЕАҚ басқарма төрағасы – ректоры Камалжан Надыров қатысты.

Пленарлық сессияда жаһандық технологиялық трендтер аясында жоғары білім берудің стратегиялық дамуы және ғылыми зерттеулердің өзекті мәселелері талқыланды. Басты назарда – білім беру процестеріне жасанды интеллект пен цифрлық платформаларды енгізу, медициналық кадрларды даярлауда симуляциялық технологияларды пайдалану және интеграцияланған академиялық жүйелерді қалыптастыру әдістері. Сонымен қатар, инновациялық қызметті ынталандыру, жас ғалымдарды қолдау және бәсекеге қабілетті ғылыми инфрақұрылымды дамыту мәселелері ерекше атап өтілді.

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки ғылыми-зерттеу қызметін жандандыруға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын атап өтіп, Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына тоқталды.

Өз кезегінде Марат Шоранов білім беру процестеріне жасанды интеллектті енгізу мүмкіндіктерін атап көрсетіп, медициналық университеттердің жаңа сын-қатерлерге бейімделудегі рөліне назар аударды. Мирас Дәуленов цифрландырудың жоғары білім беру жүйесіне әсерін талдады.

Камалжан Надыров өз сөзінде студенттер санын арттыру, материалдық-техникалық базаны нығайту және білікті кадрлардың жаппай шетелге кетуін болдырмау мәселелерін ескере отырып, Астана медицина университетін трансформациялау стратегиясын ұсынды:

«Келесі қадам ретінде біз шетелдік жоғары оқу орнының филиалын ашу, талапкерлерді іріктеудің жаңа тәсілдерін енгізу, ғылыми зертханаларды жаңғырту, соның ішінде ұжымдық пайдалану зертханасын, бизнес-инкубатор мен технопарк құруды көздеп отырмыз. Клиникалық базалармен өзара іс-қимылды нығайту интеграцияланған академиялық жүйені қалыптастыруға, сондай-ақ университеттік аурухананы іске қосуға ықпал етеді.

Барлық бизнес-процестерді автоматтандыруды аяқтап, цифрлық университет құруды, студенттерге арналған жаңа жатақхана мен университеттің жаңа кампусын салуды жоспарлап отырмыз. Әрине, университетімізді халықаралық рейтингтерде танымал ету де маңызды міндет.

Осының бәрі жаңа ғимараттармен, жоғары білікті қызметкерлермен, заманауи клиникалармен және ғылыми инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген заманауи университет құруға және медицина, қоғамдық денсаулық сақтау және денсаулық сақтау менеджменті саласындағы инновациялар мен жаңа білімдердің халықаралық деңгейде танылған орталығына айналуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Камалжан Надыров.

2024 жылғы 14-15 қазан күндері Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен өтіп жатқан «Astana Medical Forum 2024» конференциясы медицина, білім және денсаулық сақтау саласындағы жаһандық сын-қатерлерді талқылауға арналған. Конференция аясында денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету және ғылыми жетістіктер мен технологиялық инновацияларды ескере отырып, жоғары білікті мамандарды даярлау үшін стратегиялық шешімдер әзірлеуге басымдық беріледі.

Айта кету керек, бірінші халықаралық ғылыми – практикалық конференция барысында бірнеше пленарлық отырыстар, мастер-класстар, дөңгелек үстелдер, түрлі форумдар және басқа да іс-шаралар өтуде.

Тізімге оралу
© 2022, Астана медицина университеті
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 49а
тел.: +7 (7172) 53 94 47; +7 700 153 94 47
Яндекс.Метрика