ӘР СЕКУНД МАҢЫЗДЫ: ЖАС МАМАНДАР ШҰҒЫЛ КӨМЕК КӨРСЕТУДЕН ЖАРЫСТЫ

ӘР СЕКУНД МАҢЫЗДЫ: ЖАС МАМАНДАР ШҰҒЫЛ КӨМЕК КӨРСЕТУДЕН ЖАРЫСТЫ

Астана медицина университетінің симуляциялық орталығында Қазақстандағы алғашқы пәнаралық шұғыл көмек спартакиадасы өтті. Жас дәрігерлер өздерінің кәсіби шеберліктерін дәлелдеп, медицинаның болашағы сенімді қолда екенін көрсетті.

Спартакиадаға еліміздің жетекші медициналық жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарының командалары қатысты. Травматологтар, хирургтар, нейрохирургтар және реаниматологтар өздерінің күнделікті резидентурада шыңдалған дағдыларын ортаға салып, өзара бақ сынады. Бұл жарыс командада бірлесіп жұмыс істеудің және төтенше жағдайларда тез әрі дұрыс шешім қабылдаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті.

Биылғы спартакиада қатысушылар үшін тек білім сынағы ғана емес, роботтандырылған манекендер мен имитациялық пациенттерді қолдану арқылы шынайы клиникалық жағдайларға бейімделуге мүмкіндік беретін гибридті модельдеудің нағыз сынағы болды. Осындай тәжірибе жас дәрігерлерге болашақ мамандықтарының күрделілігі мен жауапкершілігін терең сезінуге жол ашты.

Резиденттердің дайындығын 10 жетекші сарапшы мен тәжірибелі мамандардан құралған қазылар алқасы жоғары бағалады. Жарыс нәтижелері жас мамандардың кәсіби шеберліктерінің шыңдалғанын және кез келген сынаққа дайын екенін айғақтады.

Тартысты бәсекеде бірінші жүлделі орынды С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің «AsfenMed» командасы жеңіп алса, екінші орынға Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің «Панацея» командасы жайғасты. Ал үшінші орынды ұлттық Ғылыми травматология және ортопедия орталығының «Батпеновцы» командасы иеленді.

Бұл спартакиада жас дәрігерлердің сыни жағдайларда заманауи білім мен дағдыларды іс жүзінде қолдана алатынын дәлелдеген бірегей тәжірибе болды. Жарыс тек бәсекелестік рухты дамытып қана қоймай, жақын арада отандық медицинасының алдыңғы қатарында болатын болашақ дәрігерлердің кәсіби өсуіне қуатты серпін болды.

Еске сала кетейік, спартакиада Астана медицина университетінің 60 жылдығына арналған «Astana Medical Forum 2024» халықаралық конференциясы аясында өтті. Форум кәсіби мамандар мен жас дәрігерлерді біріктіріп, білім, тәжірибе және озық шешімдермен алмасу алаңына айналды. Еліміздің денсаулық сақтау жүйесіндегі жаңа буын медицинасының бейнесін – болашағына сенімді, дайындағы жоғары және ынталы резиденттер айқындады.

Спартакиаданың барлық қатысушыларын құттықтай отырып, отандық денсаулық сақтау саласының болашағына қосқан үлестері үшін алғыс білдіреміз!

Тізімге оралу
© 2022, Астана медицина университеті
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 49а
тел.: +7 (7172) 53 94 47; +7 700 153 94 47
Яндекс.Метрика