Жас ғалымдар заманауи медицинадағы өзекті мәселелерді талқылады

Жас ғалымдар заманауи медицинадағы өзекті мәселелерді талқылады

«Astana Medical Forum 2024: Болашақ медицинасы – ғылым, білім және практика интеграциясы» бірінші халықаралық конференциясы барысында Жастар симпозиумы ұйымдастырылды. Шара Астана медицина университетінің 60 жылдығы аясында өтті.

Астана медицина университетінде екінші рет ұйымдастырылып отырыған жас ғалымдар симпозиумы жас зерттеушілер, ғалымдар мен практик дәрігерлер, сондай-ақ университет білім алушыларының басын қосқан коммуникациялық алаңға айналды. Симпозиумның негізгі мақсаты – жас ғалымдардың ғылыми жетістіктерімен бөлісу платформасын құру, зерттеушілерді толғандыратын өзекті мәселелерді талқылау және жастар арасында ғылымға негізделген білімнің насихатталуына ықпал ету.

MedX сессиясында медицина саласындағы жоғары білікті спикерлер қатысты. CEREBRA стартапының негізін қалаушы Досжан Жүсіпов Силикон алқабынан (АҚШ) тікелей байланыс орнатты. Ол өз медициналық жобаларында жасанды интеллектті қолданудың артықшылықтарымен бөлісті.

Сондай-ақ, сессияда білікті хирург, ҚР Президенті Әкімшілігінің Медициналық орталығы ауруханасы директорының хирургия жөніндегі орынбасары Мыңжылқы Бердіходжаев нейрохирургия саласындағы соңғы тенденциялар мен өз бөлімшесінің ерекше жетістіктеріне тоқталды.

Калифорниядағы (АҚШ) ең үздік 15 ғарыштық стартаптың қатарына, сондай-ақ, Силикон алқабының астанасы Пало Альтодағы ең үздік 5 стартаптың қатарына енген SpaceLab жобасының командасы 3D органдарды басып шығару арқылы жобаларының жаңа жетістіктерімен таңқалдырды. Жақында компанияның тауар айналымы 200 миллион теңгеден асты.

MedX-те Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас балалар травматолог-ортопеді Нұрбек Нәдіров, жоғары санатты дәрігер Думан Күнопьянов және республикалық студенттік омбудсмен Ұлан Нәукен сөз сөйледі.

Симпозиумда нейрохирургия, омыртқа хирургиясы, сондай-ақ ортопедия және травматологиядағы аурулардың алдын алу, диагностикалау және емдеу мәселелері қарастырылды. Аталмыш диалог алаңы жас ғалымдарға өз зерттеу нәтижелерін кең ғылыми аудиторияға ұсынуға мүмкіндік жасады.

Айта кетерлігі, мемлекет басшысының ғылымды дамыту жөніндегі бастамасын қолдай отырып, Астана медицина университеті өз бағытын зерттеу университетіне трансформациялауда көптеген жұмыстарды жүзеге асыруда. Бұл тарапта «Astana Medical Forum 2024» халықаралық конференциясы барысында екі озық: Жүрек ырғағы және Тыныс алу аурулары ғылыми-зерттеу институттарының ресми түрде ашылуы осының нақты дәлелі.

Бүгінде оқу орнымыздың екі мыңға жуық студент ғылыми-инновациялық қызметті дамытуға бағытталған студенттік ұйымдардың мүшелері. Биылғы жылы университеттің ғылыммен айналысатын блогын қайта жаңғырту бойынша бірқатар тиімді шаралар іске асырылды.

Сонымен бірге, Симпозиум барысында медицина саласындағы ірі компаниялар өкілдерінің қатысуымен панельдік сессия өтті, оның ішінде: «Pharm&Access» ЖШС құрылтайшысы және директоры – Фаррух Бабашов және «Johnson & Johnson» ЖШС коммерциялық тиімділік және нарыққа қолжетімділік бөлімінің басшысы - Равиль Блатов болды. Екі спикер де еліміздің заңнамасын дамыту және экономиканы оңтайландыру бойынша практикалық ұсыныстармен, әлемнің бірнеше елінде жүргізілген қызықты ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен бөлісті.

Осы іс-шаралардың барлығы қатысушылары мен университетіміздің студенттері арасында үлкен қызығушылық тудырғаны сөзсіз. Университет инновациялық және стартап жобаларды дамыту және технологияларды коммерцияландыру бойынша жұмыстарды әрі қарай күшейтетін болады.

 

Тізімге оралу
© 2022, Астана медицина университеті
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 49а
тел.: +7 (7172) 53 94 47; +7 700 153 94 47
Яндекс.Метрика