Astana Medical Forum 2024 алаңында «Денсаулық сақтаудағы цифрландыруды дамыту трендтері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Кездесуде жасанды интеллект (ЖИ) пен цифрлық технологиялардың медицинаға енгізілуі талқыланып, олардың салаға қалай жаңа серпін беріп, көзқарастарды өзгертіп жатқандығы сөз болды. Шараға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) жетекші сарапшылары мен әлемдік компаниялардың өкілдері қатысып, бұл үдерістің жаһандық маңыздылығына тоқталды.
Қазақстандағы ДДҰ елдік кеңсесінің цифрлық денсаулық сақтау жөніндегі жобалық офицері Ербол Спатаевтың айтуынша, жасанды интеллект болашақ медицинасының ажырамас бөлігіне айналуда. ДДҰ Еуропалық аймағында электрондық денсаулық паспорттары (ЭДП), пациенттерге арналған мобильді қосымшалар мен телемедицинаны дамыту басым бағыттардың қатарында тұр. Елдердің басым бөлігі қазірдің өзінде дәрігерлер мен пациенттер арасында ақпарат алмасуды жеңілдететін ұлттық деректер жүйелерін енгізуді бастап кеткен.
– «ЖИ тек географиялық кедергілерді жойып, медициналық қызметтерге қолжетімділікті арттырумен шектелмейді. Ол пациенттердің өз денсаулығын мобильді шешімдер арқылы қадағалауын қамтамасыз ете алады», – деді Ербол Спатаев. Сонымен қатар, жасанды интеллектті тиімді қолдану үшін мамандарды даярлау және бұл саланы тұрақты қаржыландырудың маңызды екенін ерекше атап өтті.
ҚР Жасанды интеллектті дамыту қауымдастығының GR Director Әсел Абакова ЖИ технологияларының артықшылықтарына тоқталып, алгоритмдердің үлкен деректерді талдап, патологияларды ерте кезеңде анықтай алатынын атап өтті:
– «Бүгінде біз ЖИ әр пациентке жеке емдеу жоспарын құра отырып, дәрігерлердің нақты шешім қабылдауына мүмкіндік береде алатынын көріп отырмыз», – деді ол.
Алайда, жасанды интеллектті енгізу деректер қауіпсіздігі, қызметкерлерді оқыту қажеттілігі және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру мәселелерін тудырады.
Сондай-ақ атамыш шарада денсаулық сақтау саласындағы телемедицина мен процестерді автоматтандырудың артықшылықтары да талқыланды. BP Contact ұсынған дауыстық көмекшілер мен чат-боттар медициналық мекемелердегі тіркеу қызметтерін жеңілдетіп, пациенттерге тәулік бойы қызмет көрсетуге мүмкіндік бере алады. Форумға қатысушылар атап өткендей, телемедицина шалғай аудандарда медициналық қызметтерге қолжетімділікті кеңейтіп, Қазақстан үшін үлкен мүмкіндіктер аша алады.
Шараға Франция, Польша және Ресейден келген сарапшылар, сондай-ақ AstanaHub және TechnoWomen секілді отадық ұйымдардың өкілдері қатысты. Қатысушылар цифрландыру бағытында ынтымақтастықты нығайтып, тәжірибе алмасу қажеттігін атап өтті. Қазақстан ДДҰ сынды халықаралық ұйымдармен серіктестікті дамыта отырып, озық тәжірибелер мен әлемдік стандарттарды енгізуді мақсат тұтуда.
Astana Medical Forum 2024 цифрландыру мен жасанды интеллекттің тек заманауи тренд емес, денсаулық сақтау саласын дамытудың нақты құралы екенін көрсетіп отыр. Қазақстан алдағы уақытта білім беру бағдарламаларын дамыту мен цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру арқылы медицинадағы жаңа жетістіктерге қол жеткізуді көздейді.