АСТАНА МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІ АРИТМОЛОГИЯ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУДА

АСТАНА МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІ АРИТМОЛОГИЯ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУДА

2024 жылғы 17-18 қазан күндері Астана қаласында Орта-Азиялық аритмия саммиті өтуде. Бұл маңызды шара Астана Медицина университетінің 60 жылдық мерейтойына орайластырылған. Жиынға 15-тен астам елдің аритмология саласындағы жетекші мамандары қатысып отыр. Саммитті ұйымдастыруға Еуропалық жүрек ырғағы қауымдастығы, Дүниежүзілік аритмия қоғамы, Қазақ аритмологтар қоғамы, Жібек жолы жүрек ырғағы қоғамы, ҚР Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасы және Астана медицина университеті атсалысты. Саммит Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен өтуде.

Саммиттің салтанатты ашылу рәсімі қатысушылардың және ұйымдастырушылардың құттықтау сөздерімен басталды. Астана медицина университетінің ректоры Камалжан Надыров өз сөзінде аталмыш іс-шараның халықаралық ғылыми қауымдастық үшін маңыздылығын айрықша атап өтіп, жүрек-қан тамырлары аурулары мен аритмияларды емдеудегі ұжымдық ынтымақтастықтың рөліне тоқталды.

«Бұл саммит – адамзат денсаулығына төнген ең үлкен қауіптердің бірі – жүрек-қан тамырлары аурулары мен аритмияларға қарсы күресте күш-жігерімізді біріктіруге бағытталған маңызды кезең.

Халықаралық серіктестерімізге — Еуропалық жүрек ырғағы қауымдастығына, Дүниежүзілік аритмия қоғамына, Жібек жолы жүрек ырғағы қоғамына — осы маңызды шараны ұйымдастыруға қосқан үлестері мен қолдаулары үшін ерекше алғысымды білдіремін.

Біз өзара ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз және бұл саммит болашақта жаңа ғылыми жетістіктерге негіз болады деп сенемін», — деді Камалжан Надыров.

Саммитке Дүниежүзілік аритмия қоғамының (WSA) Президенті Али Ото мен Еуропалық жүрек ырғағы қауымдастығының (EHRA) Президенті Хосе Мериноның қатысуы шараның халықаралық деңгейдегі маңыздылығын айқындай түсті.

Сонымен қатар, ректор Астана медицина университетінің 60 жылдық мерейтойы аясында 2024 жылдың 14-15 қазан күндері өткен «Astana Medical Forum 2024» халықаралық конференциясында жаңа ғылыми-зерттеу институтының – Жүрек ырғағы ҒЗИ-дың ресми түрде ашылғанын ерекше атап өтті.

Жүрек ырғағы институты Қазақстанда ғана емес, әлемде де өлім-жітімнің басты себептерінің бірі – жүрек-қан тамырлары ауруларын зерттеуге бағытталған. Институттың негізгі жұмысы – аритмология саласындағы зерттеулерді дамыту, диагностика мен емдеудің озық технологияларын енгізу, сондай-ақ жоғары білікті мамандарды даярлау бағдарламаларын жүзеге асыру. Институт аритмияларды емдеуде инновациялық әдістерді, соның ішінде навигациялық карталау мен заманауи құрылғыларды имплантациялау технологияларын енгізуге мүмкіндік береді.

«Біздің университет әрдайым медицина ғылымының алдыңғы шебінде болуға ұмтылады. Жаңа институттың ашылуы – бізге және халықаралық әріптестерімізге тың мүмкіндіктер ашатын маңызды қадам», — деді ректор өз сөзінде.

Ерекше атап өтсек, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Астана медицина университетінің ғылыми-зерттеу институттарын құру бастамасына белсенді қолдау көрсетті. Бұл қадам еліміздің денсаулық сақтау жүйесін нығайту мен медицина ғылымын дамыту стратегиясының маңызды бөлігі саналады.

Тізімге оралу
© 2022, Астана медицина университеті
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 49а
тел.: +7 (7172) 53 94 47; +7 700 153 94 47
Яндекс.Метрика