2024 жылғы 22 қарашада «Астана медицина университеті» КеАҚ қабырғасында «Өндірістік трансмайлардың зияны және өнімдерді саналы түрде таңдаудың маңыздылығы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны «Ұлттық балаларды оңалту орталығы» КеАҚ және академик Е.Д. Дәленов атындағы Профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырды.
Дөңгелек үстел адам денсаулығына трансмайлардың зиянды әсері, сондай-ақ олардың тағам өнімдеріндегі мөлшерін бақылау мәселелеріне арналды. Ерекше назар білім беру және медицина мекемелерінде қолданылатын өнімдерге аударылды.
Іс-шараға медицина саласындағы жетекші мамандар, соның ішінде онкологтар, гематологтар, генетиктер, репродуктологтар және кардиологтар қатысты. Талқылау барысында келесі маңызды тақырыптар қаралды:
-
Трансмайлардың адам денсаулығына, әсіресе балалар мен жасөспірімдерге әсері.
-
Қазақстанда трансмайы бар өнімдерді бақылау мәселелері, оның ішінде реттеуші аспектілер. Ахуалды жақсарту үшін қажетті шаралар, соның ішінде бақылауды күшейту және жаңа стандарттарды енгізу талқыланды.
-
Трансмайлардың зияны мен дұрыс тамақтануды таңдаудың маңыздылығын білетін мамандарды даярлауда білім беру мекемелерінің, соның ішінде медицина жоғары оқу орындарының рөлі.
Қатысушылар тағам өнеркәсібінде трансмайларды қолдануды азайтуға бағытталған мемлекеттік деңгейдегі кешенді шараларды қабылдау қажеттігін атап өтті, сондай-ақ халық арасында ағартушылық жұмыстың маңыздылығына ерекше көңіл бөлді.
Дөңгелек үстел Қазақстан халқының денсаулығына трансмайлардың теріс әсеріне қарсы күрестегі тәжірибе алмасу мен перспективалық шешімдерді талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.