2024 жылдың 4 желтоқсан күні Ш.И. Сарбасова атындағы микробиология және вирусология кафедрасының аға оқытушылары, академиялық топ кураторлары Сарсенова А.Г.-А. және Бекниязова Г.А. жетекшілігімен «Жалпы медицина» факультетінің 203 тобы мен «Педиатрия» факультетінің 204 топ студенттері Астана қаласы әкімдігінің «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тәрбиеленіп жатқан үш жастан он сегіз жасқа дейінгі психоневрологиялық патологиясы бар мүгедек балаларға арнап, олардың денсаулығын қалпына келтіру мен сергіту мақсатында ерекше іс-шара ұйымдастырды. Бұл шара Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған маңызды мерекелік іс-шаралардың бірі болып, 16 желтоқсанға орайлас өткізілді.
Іс-шара барысында балалардың жас ерекшеліктері мен денсаулық жағдайына сәйкес әр түрлі ойындар мен сергіту жаттығулары ұйымдастырылды. Мұндай ойындар балалардың психоэмоционалдық жағдайын жақсартуға және олардың физикалық белсенділігін арттыруға бағытталған болатын. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар балалардың қажеттіліктерін ескере отырып, арнайы сыйлықтар мен қажетті заттармен қамтамасыз етті. Бұл бастама балаларға қуаныш сыйлап, олардың өмірін жарқын етуге бағытталған маңызды қадам болды.
Шараның ұйымдастырылуы мен оның сәтті жүзеге асырылуы студенттер мен оқытушылардың жоғары кәсібилігін, сондай-ақ әлеуметтік жауапкершілікті көрсетіп, болашақ дәрігерлер мен педиатрлардың адамгершілік қасиеттерін дамытуға зор ықпал етті.