Білім беру үдерісін қызықты әрі пайдалы ету мақсатында Астана медицина университетінің оқытушылары студенттермен өзара іс-қимылдың жаңа форматтарын табуда.
Мәселен, 2025 жылы 21 қаңтарда «Астана Медицина университеті» КеАҚ Ш.И.Сарбасова атындағы микробиология және вирусология кафедрасының профессоры, м.ғ.к., Асемова Г.Д. ұйымдастыруымен және «Қоғамдық денсаулық» мектебінің 305-топ студенттерінің қатысумен «XXI ғасырдағы Вакцинация: ия немесе жоқ» тақырыбында конференция түрінде дебат өткізілді.
Пікірталас қазіргі заманның ең өзекті мәселелерінің бірі – вакцинацияға арналды. Immuniteam (вакцинаны қолдау) және Antivag (вакцинаға қарсы) екі команда заманауи вакциналардың қауіпсіздігі, міндетті вакцинация және адам құқықтары мәселелерін талқылап, өз дәлелдерін ұсынды.
Пікірталас барысында қатысушылар ғылыми деректерді, этикалық аспектілерді және жеке мысалдарды келтіре отырып, өз ұстанымдарын айқын және дәлелді түрде қорғады. Сарапшы Нұрай Сердалыққызы мен жүргізуші Әмина Қажиева іс-шараға әділ баға беріп, сауатты басқаруды қамтамасыз етті.
Аудиториядан қойылған сұрақтар, аргументтердің логикасы мен талқылаудың қарқындылығы бұл пікірталсты шын мәнінде жанды және мазмұнды етті. Іс-шараның қорытындысы бойынша сарапшы әр команданың мықты жақтарын атап өтіп, қатысушылардың жоғары дайындық деңгейіне тоқталды.
Өткізілген іс-шараға Ш.И.Сарбасова атындағы микробиология және вирусология кафедрасының меңгерушісі, м.ғ.д, профессор Досмағамбетов М.Ө, б.ғ.к, профессор Рахметова Н.Б және м.ғ.к, профессор Урекешов Б.С. қонақ ретінде қатысты.