Астана медицина университетінде «Кинезитерапия» және «Мейіргер ісі» мамандықтарының түлектеріне диплом тапсыру салтанатты рәсімі өтті. Бұл күн – оқу мен кәсіби дамуға толы ұзақ жолдың маңызды қорытындысы болды. Диплом алған мамандар білікті медициналық көмек көрсете отырып, оңалту және мейіргер ісі саласында жұмыс істейтін болады.
Проректор Жунусова Айгуль түлектерге құттықтау сөзін арнап, таңдаған мамандықтарының маңыздылығын атап өтіп, алдағы кәсіби жолдарында табыс тіледі. Студенттік қоғамдастыққа қосқан үлесі үшін топ басшысы - Башарланова Марланға алғыс хат табыс етілді.
Мейіргер ісі мектебінің деканы Багожина Зауре өз сөзінде университеттің түлектері үшін мақтаныш сезімін және олардың табысты болашағына деген сенімін атап өтті.
«Білімдеріңіз бен дағдыларыңыз кәсіби жетістікке жетуге және үлкен белестерді бағындыруға негіз болады», – деді декан өз сөзінде.
Төрт түлек жоғары дайындық деңгейін растай отырып, үздік дипломдар алды.
Түлектердің атынан Райымқұл Жансая, Хусаинова Бану және Нұғыманов Медеу алғыс білдірді. Олар оқытушылардың оларды оқытуға және кәсіби дамытуға қосқан үлесін атап өтті.
Барлық түлектерді құттықтаймыз және алдағы мансапта табыс тілейміз!