2025 жылғы 10-11 сәуір күндері «Көпсалалы стационар жағдайында экстрагенитальды патологиясы бар жүкті әйелдерді басқару» II Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Іс-шара Астана медицина университетінің «Ғылым күндері» бағдарламасымен №2 қалалық көпсалалы аурухананың 15 жылдығы аясында ұйымдастырылды.
Конференция аясында көпсалалы клиника жағдайында қатар жүретін аурулары бар жүкті әйелдерді басқарудың заманауи тәсілдері талқыланды.
Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова құттықтау сөз сөйледі. Ол жүкті әйелдерге медициналық көмек көрсетуде пәнаралық тәсілдің маңыздылығын атап өтті:
«Жүкті әйел де — жүрегі, бүйрегі, бауыры, қаны бар, қалыпты адам, тірі ағза екенін түсіну кере. Жүктілік кезінде де, жүктіліктен тыс уақытта да әйелде патологиялық жағдайлар орын алуы мүмкін. Тек бірлескен күш-жігеріміздің арқасында ғана біз жүктілік кезеңінде әйелдің жағдайына қажетті түзетулер енгізе аламыз. Ал жүктілік кезінде туындайтын барлық қиындықтарды тек көпсалалы клиниканың ресурстары арқылы ғана еңсере аламыз».
Конференцияда №2 қалалық көпсалалы аурухана базасында емдеу-диагностикалық қызмет жүргізетін Астана медицина университетінің қызметкерлері, сондай-ақ Германия, Ресей және Өзбекстаннан келген шетелдік сарапшылар спикер ретінде сөз сөйледі. Баяндамаларда жүкті әйелдердің экстрагенитальды патологияларын диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдері қарастырылды. Атап айтқанда, нефрологиялық, кардиологиялық, эндокриндік, гастроэнтерологиялық, пульмонологиялық және ревматологиялық жағдайларға ерекше назар аударылды. №2 қалалық аурухананың дәрігерлері нақты клиникалық кейстер негізінде көпсалалы стационар жағдайында экстрагенитальды патологиясы бар жүкті әйелдерді басқару тәжірибесімен бөлісті.
Конференция соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды. Қатысушылар аталған тақырыптың өзектілігін және спикерлердің кәсібилігін атап өтіп, іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Конференция тәжірибе алмасу және практикалық медицинаның өзекті мәселелерді талқылау үшін маңызды алаңға айналды.