Астана медицина университетінде «Авиценна Билим» халықаралық университетінің делегациясымен кездесу өтті. Кездесу барысында тәжірибе алмасу мүмкіндіктері және медициналық білім беру саласындағы ынтымақтастықтың болашағы талқыланды.
«Авиценна Билим» халықаралық университетінің ректоры Нұрсүретбек Райымбеков бастаған делегация кәсіби терапия және медициналық биотехнология салаларында мамандар даярлаудың тәжірибесімен бөлісті. Ол озық тәжірибемен алмасу және кадрларды даярлау сапасын арттыру үшін университетаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
Өз кезегінде Астана медицина университетінің ректоры Анар Тұрмұхамбетова заманауи білім беру технологияларын енгізудің, ғылыми алмасуды кеңейтудің және медициналық білім беру деңгейін арттыруға бағытталған бірлескен зерттеу жобаларын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті:
«Біз ынтымақтастықты дамытуға және жазғы мектептер мен ғылыми конференцияларды, сондай-ақ, бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асыруға дайынбыз».
Кездесудің басты нәтижесі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою болды. Тараптар студенттер мен оқытушылар арасындағы академиялық алмасуды жалғастыру туралы, сондай-ақ екі елдің медициналық саласын дамытуға ықпал ететін жаңа бағдарламалар мен курстарды бірлесіп әзірлеуге келісті.