2025 жылғы 30 сәуір күні «Астана медицина университеті» КеАҚ базасында (Бейбітшілік көшесі, 49а) Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Birlik Fest» мәдени фестивалі өтеді.
Іс-шараның мақсаты – ұлттық дәстүрлерді насихаттау, еліміздің мәдени әралуандығына құрметпен қарауды қалыптастыру және жастар арасында ұлтаралық келісім рухын нығайту.
Сағат 12:00-де университет аумағында этно-станциялар жұмысын бастайды. Бұл алаңдарда Қазақстанды мекендейтін халықтардың ұлттық тағамдары, киім үлгілері, символикасы мен тұрмыстық бұйымдары ұсынылады.
Сағат 14:00-де акт залында фестивальдің салтанатты ашылуы өтеді. Бағдарламада – құттықтау сөздер, ұлттық костюмдер шеруі, концерттік нөмірлер мен түрлі этностардың мәдени мұрасын таныстыру.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Birlik Fest» – тек мерекелік іс-шара ғана емес, сондай-ақ еліміздегі барлық халықтардың мәдени болмысын құрметтеуге бағытталған тиімді білім беру алаңы болып табылады.
Фестивальге студенттер, оқытушылар және университет қызметкерлері шақырылады.