ҰОС ардагермен өткен жүректі елжіреткен кездесу
ҰОС ардагермен өткен жүректі елжіреткен кездесу

Кездесу жылы әрі шынайы үй жағдайында өтті.
Студенттер ардагерге күй орындап, жылы лебіздерін білдірді. Жеміс себетін тарту етіп, ардагерге ұзақ өмір мен амандық тіледі.
Рзагүл Байкешев Астана медицина университетінің басшылығына, оқытушылары мен студенттеріне көрсеткен жылы ықыласы мен құрметі үшін алғысын білдірді.
– «Біз аштықты, кедейлікті, репрессияны бастан өткердік. Ұлы Отан соғысын өзіміз көрдік. Сондықтан өмірде талай нәрсені бастан кештім деп айта аламын. Бірақ менің ең үлкен тілегім – бүгінгі ұрпақ біздің көргенімізді көрмесе екен. Ең бастысы – ұмытпай, іздеп келгендеріңізге үлкен рахмет», – деді ардагер.
Рзагүл Байкешев 1923 жылы 18 қарашада Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында дүниеге келген. 17 жасында Қарулы күштер қатарына шақырылып, Калинин облысы аумағында, Рыжов және Великий Луг қалаларының маңында болған шайқастарға қатысқан. Польша, Румыния және Венгрия аумақтарын босатуға үлес қосқан. Майданда ефрейтор атағын алған. Ерлігі мен батырлығы үшін І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, сондай-ақ «Маршал Г. К. Жуков» медалімен марапатталған.