1 мамыр – еліміздегі ең жарқын әрі мейірімге толы мерекелердің бірі – Қазақстан халқының бірлік күні. Бұл күн – қоғамымыздың күші әртүрлілікте, татулық пен өзара құрметте екенін мақтанышпен еске алатын күн.
Астана медицина университетінде бір шаңырақ астында әртүрлі ұлт өкілдері білім алып, еңбек етуде. Олар түрлі тілде сөйлегенімен, ортақ құндылықтармен – білімге ұмтылыс, мамандыққа деген құрмет және адамға деген жанашырлықпен бірігуде.
Біздің университет – үлкен отбасы. Бұл отбасында әркім маңызды, әркім құрметке лайық және әркім ортақ іске үлес қосып жүр. Университет қабырғасында төзімділік, достық пен өзара түсіністік рухы орнаған. Біз нағыз кәсіби мамандар мен әлем азаматтарын дәл осы құндылықтар тәрбиелейді деп сенеміз.
Бірлік күні – жай ғана күн емес. Бұл – баршамыздың болашаққа бірге қадам басуымыздың, дамып-өркендеуіміздің, әркімге орын табылатын қоғам құруымыздың кепілі екенін еске салар сәт.
Мерекемен шын жүректен құттықтаймыз! Әр жүректе – бейбіт өмір, әр үйде – береке-бірлік, елімізде – мәңгілік татулық пен жарқын болашақ болсын!