Қазақстан мен Пәкістан: бірлескен ынтымақтастықтың келешегі

Қазақстан мен Пәкістан: бірлескен ынтымақтастықтың келешегі

Қазақстан мен Пәкістан: бірлескен ынтымақтастықтың келешегі

Қазақстан делегациясы Пәкістан Ислам Республикасына сапар шегіп, елдің жетекші медициналық университеттерімен әріптестік қарым-қатынас орнату мақсатында кездесу өткізді. Бұл сапар Қазақстан Республикасының Пәкістандағы Елшілігінің бастамасымен жүзеге асты.

Жұмыс тобы құрамында «Астана медицина университеті» КеАҚ ректоры Анар Турмұхамбетова бірқатар жоғары оқу орындарының басшыларымен кездесті. Тараптар бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды дамыту перспективаларын талқылады.

Сапар барысында ең алдымен Пенджаб провинциясы, Равалпинди қаласында орналасқан Ұлттық медициналық ғылымдар университеті (NUMS) араланды. Бұл Пәкістандағы ең ірі медициналық қызмет жеткізуші мемлекеттік университет болып саналады. Оның құрамына 45 әскери аурухана, 12 мамандандырылған институт, 10 медициналық колледж, 4 стоматологиялық колледж, 6 мейірбикелік колледж және 3 медициналық қосалқы ғылымдар институты кіреді.

Кездесу барысында Астана медицина университетінде құрылатын әскери-медициналық факультет базасында әскери дәрігерлерді бірлесіп даярлау туралы келісімге қол жеткізілді.

Равалпинди қаласында қазақстандық делегация тағы бір мемлекеттік оқу орны – Равалпинди медициналық университетіне барды. Университет басшылығымен студенттер мен оқытушылар алмасу мүмкіндіктері талқыланды.

Исламабад қаласында орналасқан жеке коммерциялық емес Shifa Tameer-e-Millat University (STMU) де қазақстандық делегация үшін маңызды нысан болды. STMU 1993 жылы құрылған көпбейінді Shifa International Hospitals Ltd. ауруханасымен тығыз байланыста. Бұл аурухана университет студенттеріне клиникалық практика мен ғылыми зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Университетпен шетелдік студенттердің университеттік клиникада интернатурадан өту мүмкіндіктері, сондай-ақ «Медицина» және «Мейірбике ісі» бағдарламалары бойынша бірлескен білім беру жобалары талқыланды.

Ғылыми кадрларды даярлау және бірлескен зерттеулер жүргізу мүмкіндіктері Пәкістандағы ең ірі университеттердің бірі – Пенджаб университетімен қарастырылды. QS рейтингісінде 250-орында тұрған бұл университет адам денсаулығына климаттың өзгеруінің әсерін зерттеуге бағытталған ғылыми платформа құру бастамасын ұсынды.

Король Эдвард атындағы медициналық университет ректорымен бірлескен ғылыми зерттеулер бағыттары және ШЫҰ елдері аясындағы бірлескен қызмет шеңберінде гранттық қаржыландыруға өтінім беру мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ, Денсаулық сақтау ғылымдары университеті басшылығымен өткен кездесу аса маңызды болды. Бұл – халықаралық деңгейде мойындалған, студентке бағытталған ғылыми-зерттеу университеті. Оның миссиясы – халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру. Университет Пенджаб аумағындағы медициналық білім беру, оқыту және ғылыми-зерттеу мекемелерінің қызметін реттеп, үйлестіреді. Сондай-ақ, жыл сайын мемлекеттік және жеке медициналық әрі стоматологиялық колледждерге MBBS пен BDS білім беру бағдарламалары бойынша қабылдау үшін MDCAT деп аталатын қабылдау емтиханын өткізеді. Тараптар бірлескен қызмет, соның ішінде студенттер мен оқытушылар алмасу мәселелерін талқылады.

Сапар бағдарламасына сәйкес, қазақстандық делегация Исламабадтағы Maroof клиникасына барып, Қазақстан-Пәкістан мейірбикелер колледжін ашу мүмкіндіктерін қарастырды.

Сапардың маңызды кезеңдерінің бірі Пенджаб провинциясының білім министрімен кездесу болды. Кездесуде Лахор қаласында Астана медицина университетінің филиалын ашу және дәрігерлерді даярлау мәселелері сөз болды.

Бұл кездесу университеттер арасындағы әріптестікті одан әрі дамытуға елеулі серпін беріп, ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Алда бірлесіп атқаратын ауқымды жұмыс, дегенмен тұрақты дамуға бағытталған алғашқы қадам жасалды.

Тізімге оралу
© 2022, Астана медицина университеті
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі 49а
тел.: +7 (7172) 53 94 47; +7 700 153 94 47
Яндекс.Метрика