Академиялық ұтқырлық аясында Астана медицина университетінің «Фармация» білім беру бағдарламасының студенттері Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында өндірістік практиканы өтті. Оқу ALFRAGANUS университетінің базасында ұйымдастырылды.
Фармацевтикалық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Нурсұлу Тойшубекованың жетекшілігімен 13 студент «Дәрілердің өнеркәсіптік технологиясы» және «Фармакогнозия» пәндері бойынша практикалық сабақтарға қатысты.
Қабылдаушы тарап мазмұнды білім беру бағдарламасын ұсынды. Алғашқы күні қатысушылар Alfraganus University Hospital университеттік госпиталіне барып, симуляциялық дәріхананың ашылу рәсіміне қатысты.
Практика барысында студенттер Фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту агенттігіне қарасты вакцина және сарысу ғылыми-зерттеу институтының зертханалары және жылан өсіретін шаруашылығы бар құрылымының қызметімен танысты. Сонымен қатар, ASKLEPIY Group фармацевтикалық компаниясына, ZAMONO RANO кәсіпорнына, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Биоорганикалық химия ғылыми-зерттеу институтына және академик Юнусов атындағы өсімдіктер химиясы институтына бару ұйымдастырылды.
Бұдан бөлек, қатысушылар инновациялық «Pharma Park» фармацевтикалық кластерінің жұмысымен танысып, ТМД аумағындағы көлемі бойынша екінші орын алатын Ф.Н. Рустамов атындағы Ботаникалық бақта болды.