Астана медицина университетінің бастамасымен Медицина қызметкерлері күні қарсаңында академиялық ұтқырлық аясында Германиядан келген шетелдік маман, м.ғ.д., профессор Александр Свидзинскийдің қатысуымен дәрістер мен шеберлік сабақтарының циклі өтті. Іс-шара Астана репродуктивті медицина институтының (IRM Astana) базасында университеттің оқытушылары, студенттері және қызметкерлерінің қатысуымен ұйымдастырылды.
Александр Свидзинский – Гумбольдт атындағы Берлин университетінің полимикробтық инфекциялар және биоқабыршықтар бойынша молекулалық-генетикалық зертханасының директоры. Ол инфекциялық ауруларды молекулалық диагностикалау, биоқабыршықтар және әйелдер репродуктивті денсаулығы саласында халықаралық тәжірибеге ие маман.
Профессор биоқабыршықты синдромды ерте анықтауға арналған инновациялық RigiNam әдістемесін таныстырды. Бұл синдром мерзімінен бұрын босану, түсік тастау және септикалық асқынуларға алып келуі мүмкін.
RigiNam әдістемесі жүктіліктің ерте кезеңінде жасырын полимикробтық инфекцияларды анықтауға және жекелендірілген ем тактикасын таңдауға мүмкіндік береді. Бұл ана мен болашақ баланың денсаулығына төнетін қауіптерді айтарлықтай төмендетеді.
– «RigiNam әдістемесін енгізу – Қазақстандағы репродуктивті медицинаны жаңғыртудағы маңызды қадам. Бұл жай ғана технология емес, әйел денсаулығына жекелендірілген көзқарас философиясы», – деп атап өтті профессор Свидзинский.
Сонымен қатар, шетелдік маман микроскоп арқылы биоқабыршықты зерттеу бойынша шеберлік сабағын өткізіп, бұл синдромның жасушалық деңгейде қалай көрінетінін және жаңа әдістеменің қандай диагностикалық мүмкіндіктер беретінін көрсетті.
Іс-шара аясында қатысушылар Орталық Азиядағы ең ірі эмбриологиялық зертхананың жұмысымен танысты. Бұл зертхана заманауи time-lapse бейнебақылау жүйесімен жабдықталған инкубаторлармен және эмбриондардың дамуын бағалауға арналған жасанды интеллектпен жарақталған.
Астана медицина университетінің №1 акушерлік және гинекология кафедрасының меңгерушісі Айгүл Мырзабекованың айтуынша, гинекологиялық ауруларды ерте диагностикалау мен алдын алуға бағытталған заманауи тәсілдерді енгізу еліміздегі әйелдердің репродуктивті денсаулығын жақсартуға септігін тигізеді.